Мемлекеттік күзет қызметі қатарындағы мерзімді әскери қызметке үміткерлер іріктеледі

Фото: Ақорда

АСТАНА.KAZINFORM - 2 наурызда барлық аймақтардағы жергілікті әскери атқару органдарында ҚР Мемлекеттік күзет қызметі қатарындағы мерзімді әскери қызметке үміткерлер іріктеледі.

«ҚР Мемлекеттік күзет қызметі» мемлекеттік мекемесі Instagram парақшасында іріктеудің 10 сәуірге дейін жүретінін хабарлады.

ҚР Мемлекеттік күзет қызметі сарбаздары қатарына еліміздің 18 бен 27 жас аралығындағы, бойы 180 см-ден жоғары және 195 см-ден аспайтын, білімі орта, орта арнаулы және жоғары, денсаулығы жақсы кез келген азаматы қосыла алады. Жоғары білімді, спорттық жетістіктері мен разрядтары бар үміткерлерге басымдық беріледі.
Іріктеуден өткен сарбаздар әскери борышын Астана және Алматы қалаларындағы «Айбын» және «Батыр» президенттік полктерінде атқарады.

Олар тәжірибелі нұсқаушылық құрамның жетекшілігімен әскери іске үйренеді, жауынгерлік және арнайы даярлық сабақтарында әскери мамандықтарды меңгереді.

ҚР МКҚ мерзімді қызмет сарбаздары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Мемлекеттік Елтаңбасы эталондарын күзету, Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін протоколдық іс-шараларға қатысу, күзетілетін тұлғалар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету секілді міндеттерді атқарады.

- Мерзімді әскери қызметті ҚР Мемлекеттік күзет қызметі қатарында атқару жас азаматтар үшін мықты ерлік мектебі болады, олар мұнда өзінің өмірлік жолына қажетті маңызды дағдыларға үйренеді. Жастар үшін бұл кезең ары қарайғы мансап жолын жалғастыруға негіз, әлеуметтік лифт болуы мүмкін, - делінген хабарламада.

Сондай-ақ онда мерзімді әскери қызметті аяқтағандар қалауы бойынша қызметті келісімшарт негізінде жалғастыра алатыны, одан әрі олардың арнаулы мемлекеттік органның қызметкері және офицері болып, күзетілетін тұлғалар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша міндеттерді атқару мүмкіндігі бар екені айтылған.

Сонымен қатар ҚР МКҚ мерзімді қызмет сарбаздары үшін мерзімді әскери қызмет атқарған азаматтарды әлеуметтік қолдау бойынша Қазақстан Республикасында белгіленген барлық жеңілдіктер қолданылады.

Осыған дейін елордада Ұлттық ұланның бастамасымен «Cyber sarbaz» сыныбы ашылғаны туралы жаздық.