- Қазіргі кезеңде қауіпсіздік саласындағы қатерлердің сипаты айтарлықтай өзгеріп жатыр. Терроризм мен экстремизм, киберқауіптер, трансұлттық қылмыс секілді жаңа сын-қатерлер мемлекеттен нақты әрі уақытылы құқықтық шешімдерді талап етеді. Осыған байланысты заңдар қолданыстағы құқықтық тетіктерді жетілдіруге, құқық қолдану тәжірибесіндегі олқылықтарды жоюға және мемлекеттік органдар қызметінің үйлесімділігін қамтамасыз етуге арналған. Заңда терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл саласындағы құқықтық нормаларды күшейтуге ерекше назар аударылған, - деді сенатор Амангелді Нұғманов.
Атап айтқанда, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 453-бабы әкімшілік жауапкершілікті нақты бекітуге мүмкіндік береді. Осы арқылы қолданыстағы заңнамадағы құқықтық олқылық жойылып, терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл тетіктері күшейтіледі.
Сонымен қатар экстремистік материалдардың әрекеттерін құқықтық реттеу аясына қосымша енгізу көзделіп отыр. Бұл қазіргі ақпараттық кеңістіктегі қауіптердің өзгеруіне байланысты қабылданып отырған маңызды шаралардың бірі.
- Мемлекеттік күзет қызметін жетілдіруге бағытталған түзетулер де маңызды орын алады. Заң арқылы Мемлекеттік күзет қызметінің құқықтары мен міндеттері қазіргі заманғы қауіпсіздік талаптарына сәйкестендіріледі. Күзет іс-шараларын өткізу барысында азаматтарды, олардың заттарын және көлік құралдарын тексеру тәртібі нақты регламенттеледі. Сонымен қатар күзетілетін объектілерге тыйым салынған заттарды алып өтуге шектеулер енгізіліп, қауіпсіздік режимі күшейтіледі. Сонымен бірге Мемлекеттік күзет қызметкерлерінің дене күшін, арнайы құралдарды, қару-жарақты, жауынгерлік техниканы және қызметтік жануарларды қолдану тәртібі жүйеленеді. Мұндағы негізгі мақсат – күш қолданудың құқықтық шектерін нақты белгілеу, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қызметкерлердің жауапкершілігін айқындау, - деді депутат.
Бұдан басқа, Мемлекеттік күзет қызметінің лауазымды адамдарына өз құзыреті шегінде берген заңды талаптарды немесе нұсқамаларды орындамаған жағдайда әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасау құқығын беру ұсынылды.
Заңдарда мемлекеттік мүлікті пайдалану мәселелері де қарастырылған. Азаматтық кодекске енгізілетін түзетулер арқылы мемлекеттік мекемелерге бекітілген мүлікті пайдалану тәртібі қолданыстағы заңнамамен толық сәйкестендіріледі. Бұл мемлекеттік мүліктің сақталуын қамтамасыз етуге, оны мақсатсыз пайдаланудың алдын алуға және құқық қолдану тәжірибесіндегі түсінбеушіліктерді жоюға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, әскери және арнаулы оқу орындарында даярланған мамандарға жұмсалған мемлекет қаражатын өтеу тетігі жетілдіріледі.
- Мемлекет қауіпсіздік саласындағы білікті кадрларды даярлауға қомақты қаржы бөледі. Осыған байланысты мемлекет шығындарын өтеуге міндетті тұлғалардың ауқымы кеңейтіледі. Енді бұл талап тек курсанттар мен тыңдаушыларға ғана емес, магистранттарға, докторанттарға, сондай-ақ халықаралық шарттар негізінде шетелдік оқу орындарында білім алған азаматтарға да қолданылады. Бұл норма, ең алдымен, мемлекеттік қаражатқа деген жауапкершілікті күшейтуге бағытталған. Тұтастай алғанда, ұсынылып отырған заңдар ұлттық қауіпсіздік жүйесін одан әрі нығайтуға, арнаулы мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыруға, экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл тетіктерін жетілдіруге, әкімшілік заңнаманы жаңғыртуға және құқықтық нормалардың өзара үйлесімділігін қамтамасыз етуге бағытталған, - деді Амангелді Нұғманов.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген өзгерістер
Ілеспе заңның мақсаты - мемлекеттік құпияларды қорғау саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу, сондай-ақ ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің және бейіндік заңдардың нормаларын үйлестіру.
Заңның негізгі міндеті:
- мемлекеттік құпияларды қорғау саласындағы заңнамада белгіленген талаптарды қайта бұзғаны үшін жауаптылық шараларын күшейтуге;
- күзет іс-шараларын өткізу аймақтарында қатерлердің жолын кесудің жеделдігін арттыруға;
- «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» және «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Кодексі мен Заңдарының нормалары арасындағы қайшылықтарды жоюға;
- әкімшілік жүктемені азайтуға, атап айтқанда салық төлеушілерге бұрын салынған әкімшілік айыппұлдар мен жазаларды орындауды тоқтатуға бағытталған шараларды заңнамалық қамтамасыз ету.
Күтілетін нәтиже: мемлекеттік құпияларды қорғау саласындағы теріс қылықтарды жүйелі түрде жасағаны үшін жауаптылықты арттыруды, сондай-ақ құқықтық олқылықтардың орнын толтыруды және заңнаманың келісілуін қамтамасыз етуді көздейтін дербес әкімшілік құрамдарды енгізу.
Бұған дейін Мемлекеттік күзет қызметіне әкімшілік хаттамалар толтыру өкілеттігі берілуі мүмкін екенін жазған едік.