Мемлекеттік материалдық резервті орталықсыздандыруға арналған заң қабылданды

Фото: Фото: Мәжіліс

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс заңнамаға азаматтық қорғау саласындағы жаңашылдықтармен жетілдіретін заңды екінші оқылымда талқылап, қабылдады. 

Құжатты таныстырған депутат Аян Зейнуллин құжаттың негізгі бағыттарын атады.

- Заң жобасының негізгі нормалары азаматтық қорғау жүйесін күшейту үшін сала қызметкерлерінің мәртебесін арттыруға, мемлекеттік материалдық резерв жүйесін орталықсыздандыруға, өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылауды қайта жаңғыртуға, сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған, - деді ол.

Екінші оқылымға дайындық кезінде депутаттар құжатқа бірнеше түзету енгізіпті. Олар:

- азаматтық қорғау қызметкерлерге қызметтік пәтерлерді жекешелендіру мүмкіндігін ұсыну;

- көпшілік мол жиналатын нысандардың иелерін өрт салдарынан үшінші тұлғаларға келтірілген зиян шығындарын сақтандыруға міндеттеу;

- ерікті өрт сөндірушілерге еңбек кепілдіктерін сақтау;

- ерікті өрт сөндірушілерге өтемақы алу құқығын белгілеу;

- өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды күшейту.

Сондай-ақ, бүгін жасанды интеллект туралы үш заңның жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.