Мемлекеттік нөмірі жоғалған көлікті жүргізуге бола ма — ІІМ жауап берді

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекеттік тіркеу нөмірі жоғалған жағдайда — оның телнұсқасын алғанға дейін көлік құралын басқаруға болмайды.

Фото: Абай облысы ПД

Абай облысы Полиция департаменті мемлекеттік тіркеу нөмірінің жоғалуы көлік құралын пайдалануды жалғастыруға құқық бермейтінін еске салады.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 2 желтоқсандағы № 862 бұйрығымен бекітілген Көлік құралдарының жекелеген түрлерін мемлекеттік тіркеу және есепке алу қағидаларына сәйкес, көлік иесі мемлекеттік тіркеу нөмірінің телнұсқасын алуға құқылы.

Мемлекеттік тіркеу нөмірінің телнұсқасын келесі тәсілдермен рәсімдеуге болады:

  1. электрондық үкімет порталы арқылы электрондық өтініш беріп, мемлекеттік бажды төлеу арқылы;
  2. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы (ХҚКО) арқылы жеке басын куәландыратын құжатты ұсынып, мемлекеттік бажды төлей отырып.

Егер мемлекеттік тіркеу нөмірінің бір данасы сақталған болса, телнұсқасын алу кезінде ол тапсырылуы тиіс.

Телнұсқаны дайындау мерзімі:

• Астана және Алматы қалаларында — 5 жұмыс күніне дейін;

• облыстар мен Шымкент қаласында — 15 жұмыс күніне дейін.

Қосымша ақы төлеу арқылы жедел дайындау қызметі де қарастырылған:

• бірқатар ірі қалаларда — 1 жұмыс күні ішінде;

• басқа өңірлерде — 5 жұмыс күніне дейін.

Абай облысы Полиция департаменті Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабының 2-бөлігіне сәйкес, мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ көлік құралын басқарғаны үшін 10 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл көзделгенін ескертеді. 

— Полиция мемлекеттік тіркеу нөмірі жоғалған жағдайда оның телнұсқасын алу үшін дереу жүгінуге және телнұсқа орнатылғанға дейін көлік құралын пайдаланудан бас тартуға шақырады. Бұл әкімшілік жауапкершіліктен сақтануға және заңнама талаптарын сақтауға мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.

Бұған дейін елордада көлігінің мемлекеттік нөмірін әдейі жасырып қойған жүргізуші ұсталғанын жазғанбыз.