Мемлекеттік органдар айналасындағы дау-дамай артты – Жоғарғы сот

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл мемлекеттік органдарға талап қою өткен жылға қарағанда 5 пайызға артып отыр.

Жұмыс көлемінің артуы жағдайында әкімшілік сот мемлекеттік органдар, азаматтар мен ұйымдардың құқығын қорғауда араша түседі.

- 2023 жылмен салыстырғанда, 2024 жылы мемлекеттік органдарға талап қою 5 пайызға артты. Мемлекеттік органдарға қойылған талаптың 58 пайызы қанағаттандырылды, даудың 52 пайызы бизнестің пайдасына шешілді. Сот актілерінің 13 пайызы апелляцияда, 19 пайызы кассацияда түзелді. Дау-дамай көбіне тұрғын үй, салық және жерге қатысты болды, - деді Жоғарғы соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Аслан Түкиев.

Оның айтуынша, біртұтас әкімшілік практиканы қалыптастыру, сондай-ақ әкімшілік рәсімдер мен актілердің біркелкі қағидасын заңнамалық тұрғыдан бекіту маңызды.

- Бұл түзетулер мемлекеттік органдардың әкімшілік рәсімдерді сақтауын қамтамасыз етуге және олар шығаратын актілердің сапасын арттыруға бағытталған, - дейді ол.

Айта кетейік, бүгін елордада 2024 жылғы сот төрелігін жүзеге асырудың қорытындысы бойынша Жоғарғы сот корпусының кеңейтілген кеңесі өтті.

Таяуда Жоғарғы сот әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс бойынша бірінші нормативтік қаулы қабылдады.