Мемлекеттік органның шешімімен келіспеген азамат өз құқығын қалай қорғай алады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда азаматтар мемлекеттік органдардың шешімдерімен келіспеген жағдайда өз құқықтары мен заңды мүдделерін әкімшілік сот арқылы қорғай алады.

Фото: Kazinform/ЖИ

Бұл туралы Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы Адина Жаркенова қалалық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде айтты.

Судьяның сөзінше, Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі (ӘРПК) мемлекеттік органдар қабылдайтын шешімдердің заңдылығын қамтамасыз етуге және азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы дауларды әділ шешуге бағытталған.

— Атап айтқанда, кодекстің 7-бабында заңдылық қағидаты бекітілген. Оған сәйкес, мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар өз өкілеттіктері шегінде және заң талаптарына сай әрекет етуге міндетті. Сондықтан әкімшілік сот мемлекеттік органның белгілі бір шешім қабылдауға құқығы болғанын ғана емес, оны қабылдау кезінде заңда белгіленген рәсімдердің сақталғанын да тексереді, — деді спикер.

Сонымен қатар ол ӘРПК-нің 8-бабында көзделген әділдік қағидаты әкімшілік істерді жан-жақты әрі бейтарап қарауды талап ететінін атап өтті.

— Бұл азаматтардың өтініштерін үстірт қарауға, бір тараптың ұстанымына алдын ала басымдық беруге немесе істің нәтижесіне әсер ететін маңызды мән-жайларды елемеуге жол берілмейтінін білдіреді, — деді судья.

Адина Жаркенованың айтуынша, мемлекеттік органдар азаматтардың құқықтарын шектейтін шешім қабылдаған кезде мөлшерлестік қағидатын да сақтауға тиіс. Кодекстің 10-бабына сәйкес, қолданылатын шаралар көзделген мақсатқа сай болуы және азаматтардың құқықтарын шамадан тыс шектемеуі қажет.

— Бұдан бөлек, ӘРПК-нің 12-бабында әкімшілік рәсімдер туралы заңнамадағы күмәндар, қайшылықтар мен түсініксіздіктер әкімшілік рәсімге қатысушының пайдасына түсіндірілетіні көрсетілген. Ал 13-бап азаматтардың мемлекеттік органдардың заңды шешімдері мен әрекеттеріне деген сенімін қорғауды көздейді, — деді спикер.

Ол әкімшілік сот төрелігінің басты міндеті мемлекеттік органның шешімін жай ғана күшінде қалдыру немесе күшін жою емес, дауды заң талаптарына сәйкес әділ шешу екенін атап өтті.

— Бұл ретте азаматтың сотқа жүгінуі оның талабы міндетті түрде қанағаттандырылады деген сөз емес. Сот істің барлық мән-жайын зерттеп, азаматтардың құқықтары мен қоғамдық мүдделер арасындағы тепе-теңдікті сақтауға тиіс, — деді Адина Жаркенова.

Судья азаматтарды өз құқықтарын білуге, мемлекеттік органдар қабылдайтын шешімдерге мұқият қарауға және құқықтары бұзылған жағдайда заңда көзделген сот арқылы қорғау мүмкіндіктерін пайдалануға шақырды.

Айта кетейік, бұған дейін Астанада жыл басынан бері 4 жеке сот орындаушысы лицензиясынан айырылғаны хабарланды.