Мемлекеттік сатып алу жүйесіне шағымдарды қараудың жаңа тетігі енгізіледі

Фото: Фото: из открытых источников

Бүгін Мәжілісте Қаржы министрлігі палата депутаттарына «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды Kazinform.

«Қазір Қазақстанда мемлекеттік сатып алудың барлық рәсімдері, яғни жоспарлаудан бастап төлемге дейін 100% электронды форматта жүзеге асырылады. Бизнес-процестерді автоматтандыру арқылы мемлекеттік сатып алудың барынша ашықтығы қамтамасыз етіледі. Камералдық бақылау енгізілді, ол тексеру объектісіне бармай-ақ, онлайн-режимде іске асырылады», - деді Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл.

Оның айтуынша, заң жобасы аясында сатып алу процесін реттеуді оңайлату және бюрократиядан арылту мақсатында шағымдарды қараудың жаңа тетігін енгізу, сондай-ақ бақылаушы органның рөлін қайта қарау ұсынылып отыр.

«Тапсырыс берушілердің жоғары талап белгілеу фактілерін болдырмау мақсатында қолданыстағы камералдық бақылауды сақтап қалу жоспарланып отыр. Бұл ретте, уәкілетті орган жағынан сатып алу қорытындыларының күшін жою құқығын алып тастау ұсынылды», - деді вице-министр.

Оның сөзіне қарағанда, сатып алу рәсімдерінің созылып кетуін болдырмау мақсатында қорытындыларды қайта қарау жөніндегі функция сатып алуды ұйымдастырушыға беріледі. Ұйымдастырушы базасында шағымдарды қарау жөніндегі комиссиялар құрылады.