Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлттардың өкілдерін айрықша атап өтті. Олардың арасында қазақ тілін үйретумен айналысатын білікті мамандар бар.
— Әлеуметтік желі арқылы тілімізді дәріптеп жүрген азаматтар да аз емес. Мұндай адамдар тіліміздің дамуына үн қосып, оның жарқын келешегін нақты іспен жасап жатыр. Солардың еңбегін біз сыйластықпен, ризашылықпен қабылдауымыз керек, — деді Мемлекет басшысы «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында.
Соңғы жылдары мемлекеттік тілді меңгергісі келетін адамдардың қатары көбейіп жатыр.
— Оларға барынша жағдай жасау — біздің азаматтық парызымыз. Қазақ тілін тез әрі оңай үйренуге мүмкіндік беретін озық әдістемелер, соның ішінде цифрлық оқу құралдарын әзірлеу қажет. Жалпы, бұл мәселе қоғамда жиі айтылып жүр. Осы жұмысқа тіл мамандарын, ақпараттық технология саласының өкілдерін жұмылдырған жөн. Қазақ тілін білетін адам қазақ халқын, жалпы Қазақстанды танып-біледі. Тілді меңгерген әрбір азамат еліміздің тарихы мен мәдениетін тереңірек түсінеді, — деді Президент.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында сөз сөйлеп жатыр.
Президент қазақ тілінің абырой-беделін арттыру үшін табанды жұмыс істеу керектігін айтты.
Жаңа Конституцияда «Тәуелсіздік» және «Егемендік» сөздерін бас әріппен жазылатын болды.