Мемлекеттік туды Президентіміз сеніп тапсырды, енді үмітті ақтау біздің міндет – Асланбек Шымбергенов

Фото: Akorda

АСТАНА. KAZINFORM – Осыдан бірер күн бұрын Президент ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарына қатысатын Қазақстан құрама командасының мүшелерімен кездесіп, Париж Олимпиадасының ресми ашылу салтанатында көк байрағымызды көтеріп шығатын боксшы Асланбек Шымбергенов пен жеңіл атлет Ольга Сафроноваға көк байрағымызды табыстаған еді.

Бүгін боксшы Асланбек Шымбергенов kaz.inform.kz тілшісіне эксклюзив сұхбат беріп, Мемлекет басшысынан туды қабылдап алған сәтіндегі әсерімен бөлісті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз қолымен көкбайрағымызды табыстағанда қатты толқып тұрдым. Бұл – мен үшін тарихи сәт! Мемлекет басшысы осылай бізге сенім артты. Енді ол сенімді ақтау бізге үлкен жауапкершілік жұктейді. Сол үшін біз Олимпиада ойындарында бар күшімізді салуымыз керек», - деп бастады әңгімесін боксшы Асланбек Шымбергенов.

Сонымен қатар боксшы өзінің Олимпиада ойындарының салтанатты ашылу рәсімінде мемлекеттік Туымызды көтеріп шығатынын кімнен, қалай естігенін айтып берді.

«Маған Париж төрінде еліміздің көкбайрағын көтеріп шығатынымды ең бірінші болып, бокс федерациясының президенті телефон арқылы айтты. Естігенде, әрине қуандым. Бұл үлкен обыройлы міндет екенін түсіндім. Енді, басты мақсат – Олимпиада ойындарында жақсы өнер көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінуіміз керек. Қазір бапкерлерімізбен бірге Олимпиадаға соңғы оқу-жаттығу жиындарында жүрміз. Дайындығым өте жақсы», - деді боксшы.

Айта кетейік, Франция астанасы Париж қаласында өтетін XXXIII жазғы Олимпиада ойындары 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. Ойындарға әлемнің 205 елінен 10 500 спортшы қатысады деп жоспарланған. Онда 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады.