Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін тілшілер «биыл оқу ақысы өсе ме?» деп сұрады.
Өз кезегінде министр мемлекеттік университеттерде оқу құны былтыр және осы жылы бір деңгейде екенін айтты.
- Мемлекеттік жоғары оқу орындарында (биыл) бір деңгейде ұстап тұрмыз, - деді С. Нұрбек.
Оның сөзіне қарағанда, жаңа оқу жылына 78 мыңға жуық грант бакалавриатқа бөлінеді. Ал магистратура мен докторантураны қоса есептегенде, 100 мың грантқа жақындайды.
- Жыл сайын елімізде грант санын көбейтіп жатырмыз. Бұл тұрғыда өсіп келе жатқан халық санына орай студенттерді қамтуға тырысып отырмыз. Сонымен қатар, қосымша төрт тетікті іске қосқанымызды білесіздер. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы бойынша балалардың есеп-шотына қаржы аударылып жатыр. «Келешек» жинақ қоры толыққанды іске қосылды, - деді ведомство басшысы.
Бұған дейін шетелдіктер неліктен Қазақстанның жоғары оқу орындарын таңдайтынын жазған едік.