Мемлекеттіктен бөлек қандай білім гранттарын ұтып алуға болады

АСТАНА. KAZINFORM — 2026-2027 оқу жылына Қазақстанда 89 457 білім гранты бөлінді. Алайда талапкерлер жоғары оқу орындарының ішкі гранттарына, жергілікті әкімдіктер, жұмыс берушілер мен жекеменшік ұйымдар бөлетін білім гранттарына да үміткер бола алады. Kazinform тілшісі негізгі грант конкурсынан бөлек тегін білім алу жолдарына шолу жасады.

Коллаж: Kazinform/ Nano Banana

Жоғары оқу орындары ректорының гранттары

Еліміздің көптеген жоғары оқу орындары жыл сайын өз қаражаты есебінен ректор гранттарын тағайындайды. Мұндай гранттардың саны, оған қатысу талаптары мен кімдерге берілетіні әр университеттің ішкі ережесіне сәйкес нақтыланады.

Әдетте ректор гранттары ҰБТ-дан жоғары нәтиже көрсеткен талапкерлерге, пәндік олимпиадалар мен ғылыми байқаулардың жеңімпаздарына, сондай-ақ әлеуметтік санаттағы азаматтарға ұсынылады.

Соның бір мысалы — «Тұран-Астана» университеті. Мұнда негізгі ҰБТ-да 100-ден жоғары балл жинаған және «Алтын белгі» иегерлеріне 4 жылдық ректор гранты ұсынылады.

Конкурсқа қатысу үшін талапкер негізгі ҰБТ-дан кемінде 100 балл жинауы керек және «Алтын белгі» иегері болуы тиіс.

Фото: Алматы әкімдігі

Ал халықаралық, республикалық немесе облыстық олимпиадалар мен ғылыми байқаулардан алған дипломдары мен грамоталары болса, артықшылық ретінде ескеріледі.

Құжат тапсыру кезінде таңдаған жоғары оқу орындарының тізімінде «Тұран-Астана» университетін бірінші орынға көрсету керек (коды — 184).

Бұл ретте «Аударма ісі» білім беру бағдарламасына түсушілер үшін IELTS халықаралық сертификатының кемінде 6.0 деңгейіндегі нәтижесі де міндетті талаптардың бірі екенін ескеру керек.

Конкурсқа құжат қабылдау 1 шілдеден 23 тамызға дейін жалғасады. Ал жеңімпаздар 24 тамызда белгілі болады.

Әкімдіктердің гранттары

Жыл сайын облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктері де қосымша білім гранттарын бөледі.

Бұл гранттар өңірлерге қажетті мамандарды даярлап қана қоймай, сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтарына қолдау көрсетеді.

Фото: Астана әкімдігі

Гранттардың саны, білім беру бағдарламаларының тізімі, конкурсқа қатысу талаптары мен құжат қабылдау мерзімдерін жыл сайын жергілікті атқарушы органдар белгілейді. Ал гранттарды тағайындау туралы шешімді әкімдік жанынан құрылған арнайы комиссия қабылдайды.

Толық ақпаратты әкімдіктердің білім басқармаларынан және жоғары оқу орындарының қабылдау комиссияларынан білуге болады.

Жұмыс берушілер бөлетін мақсатты гранттар

Кейбір компаниялар жоғары оқу орындарымен келісім негізінде студенттердің оқу ақысын қаржыландырады. Мұндай гранттар белгілі бір салаға қажетті мамандарды даярлауға арналған.

Көп жағдайда мұндай грантты иеленген түлек оқуын аяқтағаннан кейін қаржыландыруды қамтамасыз еткен ұйымда жұмыс істеуге міндеттеледі. Конкурсқа қатысу талаптарын жұмыс беруші мен жоғары оқу орны бірлесіп белгілейді.

Жекеменшік қорлар мен демеушілердің гранттары

2026 жылы «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры 350 білім грантын бөледі.

Грант аясында бір академиялық оқу жылы үшін 1 млн теңгеге дейінгі оқу ақысы төленеді және оқу жылының он айы бойы ай сайын 60 мың теңге көлемінде шәкіртақы беріледі.

Конкурсқа ауылдық елді мекендерден және шағын қалалардан шыққан, жасы 25-тен аспаған мектеп түлектері қатыса алады. Сонымен қатар олар төмендегі санаттардың біріне жатуы тиіс:

  • жетім балалар және кәмелетке толғанға дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
  • мүгедектігі бар адамдар;
  • мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасылардың балалары.

Бұл бағдарлама қайтарымсыз негізде жүзеге асырылады, яғни грант иегерлері оқуын аяқтағаннан кейін міндетті түрде жұмыс өтеуге немесе бөлінген қаражатты қайтаруы міндетті емес.

Құжат қабылдау 2026 жылғы 1-17 тамыз аралығында серіктес жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары арқылы жүргізіледі.

Конкурс қорытындысы 11 қыркүйекке дейін қордың ресми сайтында жарияланады. Бағдарламаға 44 жоғары оқу орны қатысады.

Бағдарламаға қатысатын 44 жоғары оқу орнының толық тізімі мен қажетті құжаттар туралы ақпарат qazaqstanhalqyna.kz сайтында орналастырылған.

«Қазатомөнеркәсіптің» Murager бағдарламасы

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ 2023 жылдан бері Murager білім гранттарын ұсынатын әлеуметтік бағдарламаны жүзеге асырып келеді.

Бағдарлама компания кәсіпорындары орналасқан Қызылорда, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарындағы талапкерлер мен колледждер және жоғары оқу орындарының 1-3 курс студенттеріне арналған.

Бағдарлама аясында қатысушылар еліміздегі техникалық колледждер мен жоғары оқу орындарында бір академиялық оқу жылына арналған тегін білім грантына ие болады.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Талапкерлерге геология, электр энергетикасы, органикалық және бейорганикалық заттардың химиялық технологиясы, автоматтандыру және басқару, металлургия, экология және басқа да басым бағыттар бойынша білім алуға мүмкіндік бар.

Оқу үлгерімі жоғары болып, жыл сайын белгіленген GPA талаптарын орындаған қатысушылар келесі оқу жылында да Murager білім гранты бойынша оқуын жалғастыра алады.

Бұл бағдарлама да қайтарымсыз негізде жүзеге асырылады және оқу аяқталғаннан кейін міндетті еңбек өтеуді талап етпейді.

Бағдарламаға қатысу үшін үміткерге талап төмендегідей:

  • Қазақстан Республикасының азаматы болуы;
  • жасы 30-дан аспауы;
  • «Қазатомөнеркәсіп» кәсіпорындары орналасқан өңірлердің бірінде тұрақты тұруы;
  • оқу үлгеріміне қатысты конкурс талаптарына сәйкес келуі қажет.

Өтінім қабылдау 10 шілдеде murager.kazatomprom.kz сайтында басталады.

«Серпін» бағдарламасы

Тегін жоғары білім алудың тағы бір мүмкіндігі — мемлекеттік «Серпін» бағдарламасы. 2026 жылы бұл бағдарлама аясында 2 180 білім гранты бөлінген.

Бағдарлама еліміздің халқы тығыз орналасқан өңірлеріндегі (Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы облыстары және Жетісу облысы) ауыл мектептерінің түлектеріне арналған. Оның мақсаты — маман тапшы өңірлер үшін білікті кадрлар даярлау.

Фото: Kazinform/ИИ

Бағдарламаға қатысушылар Қазақстанның солтүстік, шығыс және орталық өңірлеріндегі жоғары оқу орындарында білім алады.

Гранттар негізінен педагогикалық, IT, техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтарына бөлінеді.

Бағдарлама қатысушыларына мемлекеттік шәкіртақы төленіп, жатақханадан орын беріледі.

Конкурсқа қатысу үшін талапкер ҰБТ тапсырып, таңдаған білім беру бағдарламасы бойынша белгіленген шекті балды жинауы қажет.

Оқуға түскеннен кейін грант алуға бола ма?

Талапкер мемлекеттік грантты негізгі конкурс кезінде ұтып алмаса да, кейіннен тегін оқуға мүмкіндік тууы мүмкін. Егер мемлекеттік грант иегерлерінің бірі одан бас тартса, босаған грант конкурстың қорытындысы бойынша келесі үміткерге беріледі.

Сондай-ақ ақылы бөлімге қабылданған студенттер кей жағдайда бос қалған білім грантына ауыса алады.

Айта кетейік, бұған дейін, Қазақстанда білім гранттары конкурсына құжат қабылдау қашан басталатыны туралы жазған едік.