Мемлекеттің кепілдігімен қаржыландырылатын жобалар тізімі толықтырылды
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Үкіметінің 2025 жылғы 4 тамыздағы қаулысымен мемлекеттің кепілдіктерімен тартылатын мемлекеттік емес қарыздар есебінен қаржыландыруға ұсынылған жобалар тізбесі толықты.
2025 жылға арналған тізімге жалпы құны 1,5 трлн теңгеден асатын үш ірі жол жобасы енгізілді. Аталған инфрақұрылымдық жобалар ұзақ мерзімге, яғни 2048 жылға дейінгі кезеңге жоспарланған.
Қаржыландыру ұсынылған жобалар:
«Жезқазған – Қарағанды» автожолының (433-946 км) «Қызылорда – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы» бағыты аясындағы учаскесін қайта жаңғырту – 1 171,8 млрд теңге. Жобаны іске асыру мерзімі: 2025-2045 жылдар;
Сарыағаш қаласының айналма жолы мен Б. Қонысбаев атындағы өткізу пункті арқылы Өзбекстанға шығатын жол құрылысы – 237,3 млрд теңге. Іске асыру мерзімі: 2025-2048 жылдар;
А-27 «Атырау – Доссор» автожолының 598-512 шақырым аралығындағы учаскесін қайта жаңғырту – 138,4 млрд теңге. Жобаны жүзеге асыру мерзімі – 2048 жылға дейін.
Үкімет шешімі аясында бұл жобалар тиісті мемлекеттік кепілдіктермен қамтамасыз етіледі және Қазақстанның көлік инфрақұрылымын жетілдіруге бағытталған.
Бұған дейін, Республикалық маңызы бар KAZ12 «Атырау – Орал» автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отырғанын жазғанбыз.
Сонымен қатар Қарағанды облысында республикалық маңызы бар автожолдар жөнделіп, жол бойындағы сервистік нысандар жаңартылуда.