Меморган басшылары енді өздері қалаған қызметшінің лауазымын өсіре алмайды - А.Шаимова

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік орган басшылары өзі қалаған қызметшісінің лауазымын жоғарылата алмайды. Бұл туралы бүгін Үкімет үйінде өткен брифингте ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шаимова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұған дейін қызметші қажетті жұмыс өтілінсіз-ақ мансап сатысымен ауыса беретін. Әдетте мұндай жағдайда басшылар өздері қалаған адамдарын жиі көтермелейді. Бұл әрине, қызметшілердің ынтасын төмендетіп, мемлекеттік қызметтегі келешегіне деген теріс қарым-қатынасты қалыптастырады. Ал қазіргі мансап моделі бұл проблеманы шешті. Өйткені, қазіргі уақытта біз ағайыншылықтың түбегейлі жойылғанын көріп отырмыз. Ендігі уақытта жоғары лауазымға ілгерілеу үшін міндетті түрде төменгі сатыдағы лауазымда кемінде 1 жыл жұмыс өтілі болуы қажет. Бұған қоса, лауазымы көтермеленетін адамның сәйкесінше дағдысы мен құзіреті болуы тиіс», - деді ол.

Оның дерегінше, бұл әдіс енгізілгеннен кейін төменгіден жоғары лауазымға ауысқан тұлғалардың саны 4,5 есе өскен. Мұндай жайтқа ішкі конкурс институтын енгізу де өз септігін тиізіп отыр.

«Яғни, ең бірінші кезекте бос жұмыс орнына конкурсты жариялаған сол мемлекеттік органнан кандидат қаралады. Кандидаттар болмаған жағдайда басқа мемлекеттік органдардың қызметшілері іріктеп алынады. Осыдан кейін ғана жалпы конкурс өткізіледі. Оған барлық ниет танытушы қатысады. Бүгінгі күні жұмыс істеп жүрген қызметшілердің тағайындалуы өзге сектордан мемлекеттік қызметке келушілерден 2 есе артық. Бұған қоса, ауысып келу саны 18 есеге азайды. Яғни, конкурстан тыс тағайындау төмендеді», - деді агенттік төрағасының орынбасары.