Меморгандар азаматтардың өтінішін қарау кезінде мыңдаған мәрте заңсыздыққа барған

АСТАНА. ҚазАқпарат – Жарты жылдың ішінде азаматтардың өтінішіне дұрыс жауап бермеген 614 лауазымды тұлға жауапқа тартылған. Бұл туралы Бас прокуратураның ресми сайтында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекеттік органдардың өтініштерді қарау сапасы ұдайы бақылауда. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет пен оның департаменттерінің тексерулері 3 мыңнан астам бұзушылықты анықтады. Әрбір факті бойынша прокурорлық ден қою шаралары қабылданып, 614 лауазымды тұлға жауапқа тартылды», - деп жазылған ведомствоның мәліметінде.

Сондай-ақ, прокурорлар алты айдың ішінде бизнеске жоспарланған 500-ден астам заңсыз тексерудің жолын кескен.

«Тексеру субьектілері мен обьектілерінің бірыңғай тізілімі ақпараттық жүйесі арқылы бизнес субъектілері бақылаушы органдар тарапынан негізсіз қысымнан қорғалады. Комитет пен оның аумақтық департаментінің қадағалау шаралары 500-ден астам заңсыз тексерулердің жолын кесті», - деп жазылған Бас прокуратура дерегінде.