«Ашық үкімет» қалыптастыру 2010 жылы электронды үкімет порталында блог-тұғырнамалар мен интернет-конференциялар ашумен басталған болатын. Сандарға келер болсақ, соңғы 5 жылда меморгандар басшыларының блог-тұғырнамаларына 290 мыңдай арыз-шағым түскен, бұл ай сайын 4 мыңдай арыз түседі деген сөз», - деді С.Сәрсенов.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстанда «ашық мәліметтердің» бірыңғай порталы жұмыс істейді. Онда денсаулық сақтау, білім, көлік және коммуникация, әлеуметтік қамсыздандыру және басқа да салалар бойынша 180 түрлі мәлімет алуға болады. Сонымен қатар, әзірленіп жатқан заң жобаларын, мемлекеттік қызмет стандарттарын және басқа да нормативтік-құқықтық актілерді талқылауға арналған бірыңғай «алаң» да бар. «Сондай-ақ, «ашық үкіметті» одан әрі дамыту мақатына арналған ақпараттандыру туралы жаңа заң жобасы қазір ҚР Парламентінде талқылауда жатыр. Онда «ашық үкімет» пен «ашық мәлімет» бойынша барлық нормалар нақты жазылған. Сонымен қатар, «ашық бюджет» пен «ашық петициялар» туралы жаңа модульдер жасау да жоспарланып отыр», - деп түсіндірді ол. Айта кетейік, семинар жұмысына мемлекеттік органдар қызметкерлері, халықаралық ұйымдар өкілдері, сондай-ақ «ашық мәліметтермен» қамтамасыз ету саласының сарапшылары қатысуда.