Меморгандардың ақпаратты негізсіз бермеуі мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін әрекет ретінде бағаланады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік органдардың ақпарат беруден негізсіз бас тартуы мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін теріс қылық ретінде бағаланады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Мемлекеттік қызмет істері вице-министр Айгүл Шайымова мәлім етті.

Оның айтуына қарағанда, жақында құрылған Мемлекеттік қызмет істері министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жаңа этикалық ережелерді енгізу бойынша бірқатар шараларды қабылдады.

Оның ішінде мемлекеттік қызметкерлердің қызметтік этика нормаларын мүлтіксіз орындау міндеттеліп отыр. Қызметтік этиканы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәртіпті сақтау бойынша талаптар заң аясында қамтылған.

«Шын мәнінде шенеуніктің этикалық норма бойынша қарапайым заң бұзушылығының өзі жалпы мемлекеттік аппараттың беделіне нұқсан келтіреді. Сондықтан да біз мемлекеттік қызметке сенімді азайтатын теріс әрекеттердің жаңа түрін енгіздік. Бүгінде оған шешімді даярлау және қабылдау кезінде жеке және заңды тұлғаларға заңсыз артықшылық беру, ақпарат беруден негізсіз бас тарту, сондай-ақ қолданыстағы заңнамада қарастырылмаған құжаттарды негізсіз талап ету секілді іс-қимылдар енгізілді», -деді вице-министр.

Оның сөзіне қарағанда, осындай құқық бұзушылы6қтар тәртіптік шараларды қолданудан бастап, мемлекеттік қызметкерді жұмысынан босату және мемлекеттік қызметке қайта орналасуға тыйым салуға дейінгі шараларды қабылдауға алып келеді.