Бақылау тобының мүшесі Виктор Бусстың айтуынша, 2015-2025 жылдарға арналған Қазақстанның жемқорлыққа қарсы стратегиясы қабылданғанда мемлекеттік органдар үшін арнайы іс-шаралар жоспарын құру міндеті қойылды. Негізгі мақсат - сыбайлас жемқорлықты азайту. Осылайша,үш жылдық жоспар бекітілді. Онда барлығы 64 шара қарастырылған. Өткен жылдың жоспарында 41 шара болды. «Ресми ақпаратқа сәйкес, ол шаралардың тек 2-еуі ғана орындалған жоқ. Біз барлық есептерді зерделеп шықтық. Соның негізінде мемлекеттік органдардың тиісті жұмысты қолға алғанын растай аламыз. Дегенмен, кейбір мемлекеттік органдар ашық ресурстар арқылы өз жұмысын толыққанды көрсетпейді, яғни халыққа толыққанды ақпарат берілмейді. Мәселен, мемлекеттік органдардың ресми сайттарындағы бөлімдерді ақпаратпен толтыру бойынша нақты міндет бар. Алайда ол міндетті орындау жағы ақсап тұр. Осы уақытқа дейін жіберілген ескертулерге қарамастан, ресми ақпаратты жаңарту жағы сын көтермейді», - дейді Бусс.
Бұдан бөлек, мемлекеттік органдар өз сайттарын ағылшын тілінде жүргізуге асықпайды. Соның салдарынан шетелдік сарапшылар олардың жұмысына баға бере алмай отырады. «Мемлекеттік органдардың барлығында дерлік жеморлыққа қарсы қосымшалар ағылшын тіліне аударылмаған. Бұны өзі олардың тиісті жұмысқа атүсті қарайтынын көрсетсе керек. Негізі, халықаралық сарапшылар ресми мәліметтермен бірге сайттардан қажетті ақпаратты алып отырады. Демек, қазір олар ондай ақпаратты ала алмай отыр. Содан мемлекеттік органдардың имиджі төмендейді. Сондықтан осы саладағы жұмысты күшейту керек», -деп атап көрсетті Бусс.
Айта кетейік, бүгін Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының орындалуын бақылау жөніндегі арнайы жұмыс тобы алғаш рет жаңартылған құрамда бас қосты. Оған депутаттар, қоғам белсенділері, журналистер мен блогерлер енді. Отырыстың басында саясаттанушы Нұрлан Ерімбетов пен блогер Ғалым Байтұқ сөзгекеліп қалды.