Мемтапсырыспен жұмыс істейтін медициналық ұйымдар қағазсыз форматқа көшеді
Республикалық электронды денсаулық сақтау орталығының бас директоры Олжас Әбішевтің айтуынша, қазіргі уақытта дәрігерлер бір деректі қағазға, денсаулық сақтаудың ақпараттық жүйелеріне және ішкі ақпараттық жүйеге 3 рет енгізіп жүр.
"Егер дәрігер жаңа жұмыс орнына ауысса, тұрғындардың науқас тарихын сұрастырып отырмайды. Барлық мәліметті интернет арқылы ЖСН мен цифрлық қолтаңба бойынша Қазақстанның кез келген нүктесінде, тіпті шет мемлекетте де алуға болады. Қазір төрт пилоттық өңірде қағаз түріндегі есеп үлгісін алып тастадық. Жеке медициналық ақпараттық жүйелермен интегация жүргіздік. Дәрігер бір рет қана деректерді енгізеді, «бір терезе» арқылы барлық деректерді ала алады және бұл деректер денсаулық сақтаудың ақпараттық жүйесіне автоматты түрде түсіп отырады", - деп атап өтті О. Әбішев Астанада Денсаулық сақтау саласын цифрландыруға арналған жиналыста.
Орталық басшысының айтуынша, Қазақстанда мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейтін 900-ден астам медициналық ұйым бар.
"900 ұйымның - 35% "Медикер", "Мейірім" секілді жеке меншік ұйымдар, қалғаны - мемлекеттік. Барлық ұйымдар 2018 жылдың соңына дейін науқас туралы жазба жүргізуде қағазсыз форматқа көшеді. Яғни, өзіңізбен амбулаториялық карта, дәрігердің жолдамасын, дәрілер тізімін алып жүрудің қажеті болмайды. Барлық дерек сіздің куәлігіңіз бен ЖСН арқылы қолжетімді болмақ", - дейді О. Әбішев.
Бұл үшін инфрақұрылымдық мәселелерді - компьютерлік техникамен қамтамасыз ету, интернет желісіне қолжетімділік және медициналық ақпараттық жүйелерді енгізу мәселелерін шешу керек.
"Жыл соңына дейін медициналық ұйымдар компьютермен жабдықталып, ақпараттық жүйелермен қамтамасыз етіледі. Бірақ, шалғай ауылдарда орналасқан медициналық және фельдшерлік пункттерді интернет желісіне қосуда қиындықтар туындап отыр. Қазақтелекоммен бірлесіп, бұл мәселені шешуді көздеп отырмыз. Жоспарға сәйкес, 2020 жылға дейін барлық медициналық және фельдшерлік пункттер, әсіресе ОҚО, СҚО, ШҚО ауылдары интернет желісіне қосылады. Қазір өңірлерді есептеп жатырмыз", - деді орталық басшысы.
Сонымен бірге, О. Әбішев пациенттің өз денсаулығы туралы деректі дәрігерге үйден шықпай-ақ, мобильді қосымша арқылы жібере алатынын мәлімдеді. Бұл созылмалы аурумен ауыратындар үшін өте тиімді болмақ. Одан бөлек, қағаз карталар бойынша жұмыстардың екі кезеңде жүргізгілетінін хабарлады.
"Биылдан бастап, науқастарды толық цифрлық форматта қабылдауды бастаймыз. Екіншіден, қағазда жазылған деректерді цифрландырамыз. Әрине, деректерді 100 процент цифрландыру мүмкін емес. Кей жағдайларда қағаз ескіріп кеткен, кей дәрігерлердің қолы түсініксіз. Суретке түсіру оңай, ал мәтінді машина оқи алатындай етіп ажырату қиын. Бұл бағыт бойынша да жұмысты бастадық, жыл соңына дейін қандай да бір шешім қабылданады. Тағайындауларды жоғалтып алмау үшін бірнеше нұсқаны әзірледік, сканерлеуді де, жазба жұмыстарын да қатар жүргізіп жатырмыз", - деп сөзін түйіндеді Олжас Әбішев.