Мен әлем чемпионы болмай тоқтамаймын - Айдос Ербосынұлы

АСТАНА. ҚазАқпарат - 9 қыркүйек күні Астанада Қанат Ислам мен Брэндон Куктың арасындағы бокс кешінде өнер көрсеткен отандастарымыздың бірі Айдос Ербосынұлы ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті.

- Астанадағы бокс кешіне тыңғылықты дайындалғаныңызды жекпе-жектен байқадық. Қарсыласыңыз еш қауқар таныта алған жоқ...

- Иә, мен кез-келген жекпе-жекке осылай жоғары дайындықпен келемін. Дайындықсыз іс бітпейды.

- Айқасты әдейі қысқа уақыт ішінде бітіргіңіз келді ме?

- Осы жекпе-жектің алдында аздап жарақат алып қалған болатынмын. Қазақта: «түн ұзарса, түс көбейеді» деген мәтел бар емес пе?! Айқасты соза берсем жарақатым сыр беріп, жеңісті уыстан шығарып алам ба деп, осылай ертерек аяқтауды жөн санадым.

- Сіз жалпы әр жекпе-жектеріңізді ерте аяқтап келе жатырсыз. Жанкүйерлеріңіздің мейірі қанбай қалып жүрген жоқ па?

- Әркімнің қалауы әр басқа. Біреуге қанша рунд болса, сонша уақыт жұдырықтасқан ұнайды. Ал біреулерге рингке шыға салып, қарсыласын сұлатып салған ұнайды. Өз басым жарысты ертерек аяқтағанды ұнатам. Егер, 6,9,12 рундтық айқастарды ақырына дейін жеткізу керек болса, жанкүйерлеріңді жалықтырып алмау жағын да ойластыру керек.

- Бұл сіздің кәсіби рингтегі жетінші айқасыңыз. Жетеуінде де қарсыласыңызды айқын басымдылықпен ұттыңыз. Енді, титулдық айқастарға шығуды қай уақыттарға жоспарлап жүрсіз?

- Оның аулы да алыс емес. Бұйырса алдағы екі жылдың ішінде әлем чемпионы атануға бар күш-жігерімді саламын. Қазір әр сағатым, әр күнім белгіленген жоспар бойынша жүріп жатыр. Жоспардың басты мақсаты - әлем чемпионы атану. Біз соған күн санап жақындап келеміз. Сәл уақыт күтіңіздер...

- Қазір қайда жаттығып жүрсіз? Қанат Исламның командасымен біргесіз бе?

- Жоқ, мен Қанат ағалардан бөлек жаттығамын. Бірақ Исламды аға ретінде қатты сыйлаймын. Үйренерім де көп. Ол нағыз отаншыл азамат. Осындай ағаларымыз көп болсын. Ал мен  америкалық «Fight Promotions» компаниясының жетекшілігінде жаттығып, жарыстарға шығып жүрмін.

- Бұл компанияда қазақтардан тағы кім бар?

- «Fight Promotions» - кәсіпқой бокстағы танымал промоутерлік ұйымдардың бірі. Бүгінде бұл компания келісімшарты бойынша қазақстандық Данияр Елеусіновтің туған ағасы Дәурен Елеусінов бар. Сонымен қатар бұрын өзім өнер көрсеткен «Astana Arlans» клубында ел  намысын қорғап кеткен украиналық Сергей Деревянченко да «Fight Promotions» жетекшілігімен шаршы алаңға шығып жүр. Болашақта бізден басқа отандастарымыз келуі әбден мүмкін.

- Биылғы жыл осы Астанадағы жеңісіңізбен  аяқтады ма, әлде алда тағы да басқа жекпе-жекке шығасыз ба?

- Желтоқсан айында тағы бір кездесу өткізу жоспарда бар. Оны промоутерлерім шешеді.

- Жалпы спортқа қашан келдіңіз, айта кетсеңіз...

- Мен Алматы облысы Жаркент ауданында дүниеге келдім. Бірақ 10 жасымда Алматы қаласына көшіп келдік. Бұл көш мені спортпен, соның ішінде бокспен айналысуға мүмкіндік тудырды. Былғары қолғапты 11 жасымнан бастап кидім.

- Әңгімеңізге рахмет!