Мен алғашында Президент күні мерекесіне қарсы болғанмын - Н. Назарбаев

АСТАНА. 29 желтоқсан. ҚазАқпарат - Мен алғашында Президент күні мерекесіне қарсы болғанмын. Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық БАҚ-қа берген сұхбатында мәлім етті.

Сұхбат барысында журналистің Тұңғыш президент күні туралы сұрағына жауап берген Мемлекет басшысы, тарихқа көз жүгіртер болсақ, АҚШ-та 1855 жылдан бастап Президент күнін атап өтіп келе жатқанын, бұл мереке АҚШ-тың тұңғыш президенті Джордж Вашингтонның құрметіне арналған айта келіп, біздегі Президент күнін қалай тойлау керектігін тілге тиек етті.

«Бірақ бізде, әдеттегідей, бұрмалау орын алады. Бұл Назарбаевтың жеке мерекесі емес. Мәселенің мәнісі мынада, 1991 жылы 1 желтоқстанда тұңғыш рет Қазақстан өзінің жаңа даму жолын - президенттік басқаруды таңдап алды. Бүкілхалықтық референдум президентті сайлай отырып, елімізде президенттік билікті белгілеп берді. Және 1991 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан президенттік вертикальдың арқасында ел табысқа қол жеткізді. Мерекені де дәл осы қырынан атап өту қажет», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Осыдан кейін Президент кейбір белсенділердің шектен шығып кететінін атап өтті.

«Осыған байланысты мен бізде өткеннің жақсыатты болу дағдыларының әлі де қалғанын: жағалай Президент портреттерін ілудің бар екенін айтпақпын. Бұл бойынша мен елеулі ескертулер де жасадым. Иә, әлемде мұндай бар. Бірақ менің фотосуреттерім, егер мен қатты ұнайтын болсам, жұмыс үстелінде немесе үйде, шенеуніктер кабинеттерінде белгіленген көлемде тұрсын. Онымен әуестенудің қажеті жоқ, біз мұнан әлдеқашан өткенбіз!» - деді ол.

«Тұңғыш Президент күні - жақсы мереке. Бірақ оны Қазақстан дамуы тарихының жаңа дәуірі - бүгінде тиімділігін халық көріп отырған президенттік басқаруға көшу күні ретінде атап өту керек. Біздің индустриямыз, табысты мемлекетіміз, Қазақстанның беделі - осының барлығы біз құрған президенттік республиканың нәтижесінде мүмкін болды. Мен аталған мейрамның осы тұрғыда тойланғанын қалаймын», - деп ойын қорытындылады Мемлекет басшысы.