Бұған дейін ол қала әкімі Бауыржан Байбекпен кездесіп, Алматы қаласынан арнайы делегацияны Данияның астанасына шақырған болатын. Ондағы мақсат - Копенгаген қаласының инфрақұрылымымен жете таныстыру.
Аудан әкімдерімен кездесу барысында Ян Гейл Копенгаген қаласының соңғы 50 жыл ішіндегі даму барысы туралы сөз қозғады. Сәулетші бұл уақытты бірнеше кезеңдерге бөліп көрсетті. Қалада осы уақыт ішінде жүргінші жолдары, көлік жүрмейтін алаңдар, вело жолдар. демалыс орындары, спорт және балалар алаңқайлары көптеп салынған. Яғни, қаланың әрбір жерін адам үшін тиімді, ұтымды пайдалану көзделген.
«Біз көп жылдар қалаға адам шақыруды ойлағанымызбен көлік «шақырумен» болдық қой. Бұл жасырын емес. Егер де біз Алматы көшелерінің енін екі есеге ұлғайтсақ не болар еді? Кептеліс мәселесі шешілер ме еді? Жоқ, керісінше 5-10 жылдың ішінде қаладағы көлік саны екі есеге дейін көбейіп кетер еді. Мұны өмірдің өзі көрсетіп отыр. Бірақ егер де адамдарды «шақырсақ ше? Онда әрине адамдар көбейеді! Адамға арнап жасалған дүние өзіне адамдарды тартады. Мен Алматының да осы бағытта дамығанын қалар едім. Біз өз тұжырымдамамызда тұрғындарға өз уақыттарын қоғамдық кеңістікте мейлінше көбірек өткізуге мүмкіндік жасау үшін, соларға арналған тартымды қоғамдық орындарды көптеп жасауға тырыстық», - деді Я. Гейл.
Сәулетші әкімдерді қалада велосипед жолдарын көптеп жасауға және тұрғындарды велосипедпен көбірек жүруге шақырды.
«Велосипед жолдары жүйесі мен қоғамдық көлік жүйесі бір-бірімен байланыста болғаны жөн. Сонда жолаушы жолдың бір бөлігін қоғамдық көлікпен жүрсе, басқа бөлігін велосипедпен жүріп өте алады. Данияда бұл жүйе бір күнде жүзеге аса салған жоқ. Ол қазір де даму үстінде. Бізде әрбір бес жыл сайын келесі бес жылдыққа жаңа міндеттер мен жоспарлар жасалады», - деді маман.
Оның айтуынша, қазіргі таңда Копенгаген қаласы тұрғындарының 45 пайызы велосипедпен жүреді екен.
«Әрбір жаңа жүйе, мәдениет дәстүрге айналуы үшін біршама уақыт өтуі керек. Қала жоспарын әзірлеп, оны халыққа жеткізу арқылы олардың санасына ой салуға болады. Копенгагеннің екі маңызды ұстанымы бар. Олар: тартымды қоғамдық кеңістікті және велосипед инфрақұрылымын жасау арқылы тұрғындардың денсаулығы мен қала экологиясын жақсарту», - деді Ян Гейл.