Мен әрбір матч үшін күрестім және өз жеңісіме ризамын - St.Petersburg Open-2010 жеңімпазы, қазақстандық теннисші М.Кукушкин

САНКТ-ПЕТЕРБОР. 1 қараша. ҚазАқпарат /Елена Мягкова/ - «Мен әрбір матч үшін күрестім және өз жеңісіме ризамын. Бұл турнирда жеңіске жетемін деп ойламап едім. Бұл жеңіс мен үшін маңызды оқиға», - дейді St.Petersburg Open-2010 турнирінің финалында ресейлік спортшы Михаил Южныйды жеңген Қазақстан теннисшісі Михаил Кукушкин.

«Мен жаман ойнаған жоқпын, өзіме сеніп, артқы сызықты бақылап отырдым. Мүмкін Миша сол күні өзін ойдағыдай сезінбегендіктен, жолым болып кеткен шығар. Бірақ қарсыласым жақсы ойын көрсеткендіктен, жеңгеніме қуаныштымын», - дейді М.Кукушкин.

Естеріңізге сала кетейік, финалдық ойында М.Кукушкин Ресей спортшысын екі сеткада 6:3, 7:6 есебімен жеңген болатын.

Санкт-Петерборда қол жеткізген жеңісінен кейін Михаил Кукушкин әлемдік теннис дәреже сатысында жоғары көтерілді. «Маған 58-ші орындарға тірелесің деді. Биылғы жылы осылай алға басқаныма өте қуаныштымын», - дейді қазақстандық спортшы.