Мен әрқашан автокөліктерге жақын болдым – Қарқаралыда тұратын көлік бояушы әйел

ҚАРҚАРАЛЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының тұрғыны Маржан Оспанова 17 жыл бойы автомобильдерді бояумен айналысып келеді. Көлік жөндейтін әйелге ауданның тұпкір-түкпірінен 100-ден астам тұрақты клиенттері өз темір тұлпарларын сеніп тапсырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Маржан Оспанова - 51 жаста. Қарқаралы ауданының көптеген тұрғындары оны автокөлік бояушы ретінде біледі. 17 жылдан астам уақыт бойы ол көліктерді қалпына келтірумен айналысады. Бастапқыда ауданда ең жақсы автомобиль шебері саналатын жұбайына көмектесіп, кейіннен бұл іске өзі де кірісіп кеткен.

«Бастапқыда күйеуімде тапсырыстар көбейіп кетіп, қолы тимей қалған кездерінде көмекші ретінде шеберханасында жүретінмін. Мен оған құрал-саймандарын беріп тұратынмын. Қазір мен онымен бірге көлікті қалпына келтірумен айналысамын. Ол дәнекерлейді және көліктің майысып қалған жерлерін түзетеді, ал мен оны бояймын және тегістеймін. Жұмысым керемет ауыр деп айтпас едім. Иә, кейде ауыр бөлшектерді көтеруге тура келеді. Бірақ бұл соншалықты қиын емес», - дейді Маржан.

Маржан үлкен отбасында өскен, олар 8 ағайынды. Ол ортаншы қызы болғандықтан, негізінен екі үлкен ағасы мен інісіне көмектескен екен. Бала кезінен көліктерге жақын болғанын айтады.

«Әкем шопан болды. Біздің үйде өз көлігіміз болды. Мен бала кезімнен оның машинасын айналып, жанынан шықпайтынмын. Көлік жүргізуді ерте үйрендім. Мен әрқашан көліктің бөлшектеріне, оған қатысты барлық нәрсеге қызығушылық танытатынмын», - деп еске алады Маржан.

Автокөліктерге деген құштарлығына қарамастан, Маржан есейе келе тігінші мамандығын оқыған. Ұзақ жылдар бойы Қарақаралы ауданының Киров тігін фабрикасында жұмыс істеген. Содан кейін зауыт жабылған кезде ол ауруханаға шаруашылық медбикесі болып жұмысқа орналасқан. Бірақ әрқашан жүрегім көлікке бұрып тұратын дейді.

«Менің жұбайым Талғатбек өмір бойы машиналарды жөндеумен айналып келеді. Қиын кездерде оған көмектесуге тура келді. Қалай болғанда да, бұл жұмысқа біртіндеп үйрендім. Содан кейін ауруханада жұмысымнан кетіп, күйеуімнің автокөлік шеберханасында жұмыс істей бастадым. Қазір ол екеуміз бір-бірімізге, жұмысымызға төселіп алғанымыз соншалық, кейде оған айтқызай-ақ қажетті бөлшектер мен саймандарын беріп тұрамын. Ол көліктің майысқан жерлерін орнына келтіруін аяқтағаннан кейін мен бояуға, содан кейін тегістеуге кірісемін», - дейді Маржан.

Бір көлікті жөндеуге ерлі-зайыпты шеберлер 2-3 күннен бір аптаға дейін уақыт жұмсайды. Маржан жаңа клиенттер алдымен сенімсіздікпен қарайды, бірақ содан кейін жұмысыма таңданады дейді. Олардың жұбайымен бірге бүкіл аудан бойынша 100-ден астам тұрақты клиенттері бар.

«Басында ер адамдар маған темір тұлпарларын сеніп тастағылары келмейді. Бірақ содан кейін олар әрқашан оралады. Келесі жолы олар кілттерін тастап, еш уайымсыз бара береді. Өйткені біз бәрін тиянақты және ұқыпты жасайтынымызды біледі», - дейді Маржан Оспанова.

Маржан жұбайымен бірге 4 бала тірбиелеген. Үш қызы бой жетіп, тұрмыс құрған, ұлы әлі үйленбеген. Қазір олар немерелерін тәрбиелеп жатыр. Ана ретінде де, ошақ иесі ретінде де Маржан өз міндетін орындауды автокөлік шеберханасындағы жұмысымен бірге алып жүріп келеді. Ол өзі айтқандай, көз – қорқақ, қол – батыр. Ең бастысы – жұмыстан тайынбау керек. Егер қаласақ, барлық жұмысты істей аламыз дейді Маржан.