Мен барлық журналистерді ақпараттық турларға қатысуға шақырамын - Т.Досмұхамбетов

АНА. Қазанның 6-сы. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Қазақстанның көрікті жерлері туралы барлығы білуі қажет. Ол үшін БАҚ өкілдері ондай туристік әлеуеті бар жерлерді жан-жақты насихаттап жарнамалауы тиіс.

Бүгінде біз арнайы ақпараттық турларды ұйымдастырудамыз. Сондықтан барлық журналистерді осы турларға қатысуға шақырамын. Бүгін Астанада өтіп жатқан Бүкіләлемдік туристік ұйымның Бас Ассамблеясының 18-ші сессиясы аясында журналистерге сұхбат берген ҚР Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елімізде туристік саланы дамыту үшін табиғи жерлер баршылық. Ол туралы шетелдіктерден бұрын қазақстандықтардың өздері, көп жағдайда, білмей жатады. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін біз арнайы ақпараттық турларды ұйымдастырудамыз. Бұқаралық ақпарат өкілдерін еліміздің көрікті жерлеріне апарып, көрсету арқылы біз осы туристік әлеуеті бар жерлерді жан-жақты тануды көздейміз. Сондықтан мен барлық журналистерді осы турларға қатысуға шақырамын»,-деді министр.