Мен Грузиядан кетпеймін - Саакашвили

АСТАНА. 28 қазан. ҚазАқпарат - Грузия Президенті журналистерге берген сұхбатында елдің жаңа басшысын ұлықтау рәсімінен кейін елден кетпейтінін мәлімдеді.

Оның сөзіне қарағанда, ешкім оған Грузиядан кетуге немесе онда қалуға тыйым сала алмайды. Саакашвили әзірге ешқайда кетпейтінін тағы бір ескертіп өтті, деп хабарлады «Тбилисская неделя».

Еске сала кетейік, 27 қазан күні Грузияда ел президентінің сайлауы өтті. Қазір сайлау учаскелерінің 70 пайызының мәліметтері анықталды. Грузия президенттігіне үміткер «Грузинская мечта» саяси ұйымынан ұсынылған кандидат Георгий Маргвелашвили 62,13 пайыз дауыс жинады, деп хабарлады елдің орталық сайлау комиссиясынан. «Бірыңғай ұлттық қозғалыс» (Михаил Саакашвилидің партиясы) партиясының кандидаты Давид Бакрадзенің жинаған даусы - 21,88 пайыз. Ал «Демократиялық қозғалыс - бірлескен Грузия» партиясының атынан қатысқан Нино Бурджанадзеге сайлаушылардың 10,07 пайызы дауыс берді.