Видеожазбада, жалғызбасты ананы белгісіз адамдар Шымкент қаласындағы «Komek Center» орталығына күштеп әкеліп, шамамен он күн бойы еркінен тыс ұстаған. Оның сөзіне сенсек, орталықта қол-аяғын байлап, белгісіз дәрі салған және құжаттарға қол қоюға мәжбүрлеген.
Аталған оқиға бойынша Шымкент қалалық полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын растады. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіп жатыр.
— Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау, сондай-ақ құқыққа қарсы әрекеттерге қатысы бар адамдарды белгілеу үшін кешенді тергеу шаралары қолға алынды. Орталықтың қызметі тексеріліп, құжаттар мен бейнежазбаларға сараптама жүргізіліп жатыр. Тергеу заң талаптарына сай жан-жақты әрі объективті түрде жүргізіледі, — делінген полиция департаментінің ресми хабарламасында.
Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкент зообағында түйеқұсты тепкен ер адам іздестіріліп жатқанын жазған болатынбыз.