Бүгінгі күні тәуелсіз Қазақстан көп ұлттылығымен қоса, бірлігі жарасқан, құты молайған ел ретінде танымал. Әсіресе, елімізді мекен еткен ой-мақсаты ортақ, көксегені тек бірлік болып табылатын сан алуан ұлт пен ұлыс өкілдерінің бірі - әзербайжандар. Жалпы, әзербайжандықтардың Қазақстанға келу тарихы да әр қиылы.
Назим Шахалиевтің айтуынша, ол өзі 1952 жылы Әзербайжанның Масалы ауданы Шатыроба ауылында дүниеге келген. Кейін КСРО-ның Ішкі істер министрлігі берген жолдамамен 1970 жылы Қазақстанға жолы түскен. Отан алдындағы борышын да Алматы облысында өтеген. Сөйтіп, осында тамырын тереңге жайып, қалып қойған көрінеді. Қазір ол - интернационалды отбасының отағасы. Әйелі - орыс ұлтының өкілі. Немерелері де осы қазақ жерінде өсіп, қазақша тәлім-тәрбие алуда. Сондай-ақ, ол бүгінгі таңда бауырмал әрі дархан қазақ халқымен бірге өзге де ұлт өкілдерімен қатар тату-тәтті өмір сүріп жатқандығын мақтан тұтуда.
«Мен Қазақстанды өзімнің екінші Отаным деп санаймын. Қазақ халқы - өте мейірбан, меймандос, кішіпейіл халық. Тіпті, ен далада келе жатып, көлігің тоқтап қалса да, жақын жердегі ауылға соға қалсаң, сені жылы үйге кіргізіп, алдыңа шай, майы мен бауырсақ, етін, қолындағы барын тосып, құтты қонағындай күтеді.
Қазақтар мен әзірбайжандардың арасында көптеген ұқсастықтар бар. Бәріміз де «Алладан басқа Тәңір жоқ, Мұхаммед - оның елшісі» деп бір Құдайдан медет сұраған тілі бір, діні бір халықпыз. Діни мерекелерді бірге атап өтеміз. Наурыз да қос халыққа ортақ ұлық мейрам. Әзербайжан халқы өздерінің тілімен айтқанда «новрузды» ең сүйікті мереке санайды. Бұл елде Наурыз мерекесіне дайындық біздегіден бірнеше күн бұрын басталады. Дәлірек айтсақ, ескі жылдың соңғы сәрсенбісі, яғни, «ахыр чершенбе» күнінен бастап, жаңа жыл қамына кіріседі. Сол күні үй мен ыдыс-аяқтарын тазалап, қайтыс болған туыстарына дұға етеді. Ал, жаңа жыл кірген күні ерте тұрып, өзенге немесе бұлақ басына барып, шомылады. Осылайша жаңа жылдың бірінші күнін таза ниетпен, ақ пейілмен қарсы алады. Сондай-ақ, бұл күні әзербайжандықтар оразасын балмен немесе қантпен ашады. Ол «алдағы өміріміз бал мен шекер сынды тәтті болсын» деген ниеттен туған екен. Мерекенің қуанышымен-ақ өтіп кететін жаңа жылдың алғашқы күнін олар да түрлі ас қойылған ақ дастарханмен қарсы алады. Ас мәзірінен «йеди-левин» тағамы да қалыспайды. Бұл тағамның біздің наурыз көжемізге ұқсастығы бар. Оған да жеті түрлі дәм қосылады.
Мен осы халыққа деген құрметім мен шексіз ризашылығымның белгісі ретінде оның тілін меңгердім. Қазір көсемдерше көсіле, шешендерше шешіле сөйлемесем де, шамам келгенше, арасында мақалдатып қойып өз ойымды жеткізуге тырысамын», - дейді Н. Шахалиев.
Қазір облыс аумағында 2000 жуық әзербайжандық тұрса, оның 53-і бірлестікке мүше. Олар санының аздығына қарамастан аймақта өтетін барлық қоғамдық шараларға бір адамдай атсалысып, өздерінің тілі мен мәдениетін және ұлттық- салт дәстүрлерін кеңінен насихаттап келеді.
«Әзербайжандар қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің филиалы біздің қаламызда ашылғанына алты жылдай ғана уақыт болды. Осы уақытың ішінде мәдени-ағарту істерімен кеңінен айналысып келеміз. Дегенмен, еш нәрсенің оңайлықпен келмейтіні белгілі. Сол сияқты, біздің бірлестіктің де артқа тастаған жылдарында қиыншылықтың көп кездескенін айтпай кетуге болмайды. Бұл тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптаса бастаған еліміз үшін қиын қыстау кезең болатын. Біреулер пана іздеп көштің басын Қазақстанға бұрса, енді бір халықтар елден бастары ауған жаққа қоныс аударып жатты. Міне, осы арада елімізде қалған әзербайжан ұлтының өкілдері осы ұйымның құрылуына бірден-бір себепшісі болды.
Бірлестік әзербайжан халқының мәдениеті мен төлтума өнерін сақтап, жан-жақты білімді жандардың зор талпынысын, халықтың дарқандығы мен кең пейлін паш ету мақсатында құрылғанын көреміз. Бүгін біз қай жағынан алып қарасақ та, осы мақсаттың түбегейлі жүзеге асырылып жатқандығына куә бола аламыз. Бұл, әрине, Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясына артқан үмітінің ақталғандығының көрінісі»,- деп сөзін одан әрі жалғастырды кейіпкеріміз.
«Балалар ана тілін жатсынып кетпесе екен деген ниетпен жексенбілік мектепте әзербайжан тілінен дәрістер беріле бастап еді, педагогтың бала күтіміне байланысты демалысқа шығуына орай, әзірше тоқтап тұр. Жазуымыз латын әліпбиіне негізделгендіктен, бұл да бүгінде күрмеуі қиын мәселе болып қалуда.
Ал би - кез келген халықтың болмысын көрсететін құрал. Жақында қаламыздағы Достық үйінде біздің би үйірмеміз ашылды. Енді соңымыздан еріп келе жатқан жас ұрпақ сол мазмұны терең халықтық билерімізді меңгерсе екен дейміз», - деп сөзін қорытты Назим Шахалиев.
ФОТО: 24.kz