Сахипов Асқар мен Михайлова Людмиланың отау көтергендеріне биыл 16 жыл толды. Екеуі де Алматы облысы, Сарқан ауданы, Соколовка ауылының тумасы. Бір мектепте оқыды.
«Менің ұлтым – орыс, күйеуім –қазақ. Өйткені, шынайы махаббатқа ұлт та, дін де, тіл де кедергі бола алмайды. Жолдасым Асқар менен 7 жас үлкен. Мен оған 18 жасымда тұрмысқа шықтым. Үйлену тойымыздың алдында некемізді мұсылманша қидық. Құдай жалғыз және барлық діннің принциптері ұқсас. Сондықтан дінге келгенде ешқандай түсініспеушілік болмады. Мен қазаққа келін болатынымды оқушы кезімнен білдім» ,- дейді Людмила.
Ол өзіне қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы таңсық емес екенін айтты.
«Бір ұл, бір қызымыз бар. Әрине, екі ұлттың менталитеті, салт-дәстүрі мүлдем басқа. Дегенмен бала тәрбиесіне оның кедергісі жоқ. Әкесі қазақ, қаны қазақ болғандықтан, барынша ұлтына сай тәрбие беріп жатырмыз. Үйде бәріміз қазақ тілінде сөйлейміз. Балаларым қазақ мектебінде білім алып жатыр»,- дейді Людмила.
Сонымен қатар, ол бақытты отбасы болудың жолдары туралы айтты.
«Отбасының бақытты, берекелі болуы екі жаққа байланысты. Бақытты жанұя ерлі-зайыптының бір-бірін түсінуінен, қанша қателіктер болса да кешіріммен қарауынан туындайды. Егер екі адам бір-бірін шын мәнінде құрметтесе, сыйласа, шын сүйсе, әлбетте бақытты болады. Менің ойымша өзге ұлтқа келін болсаң да, не өзге ұлтқа күйеу бала болсаң да, ең бастысы -сыйластық»,-дейді қазақтың келіні Людмила.