Бүгінде сексенннің сеңгірінен асса да жұмсақ күлкісімен, мейірімді жүзімен айналысына шуақ шашып отыр, үй-іші бала күлкісіне толы. КСРО халық әртісі, Халық қаһарманы, аңызға айналған Роза Бағланова ҚазАқпарат тілшісінің сұрақтарына жауап қайтарды.
- Роза Тәжібайқызы, біз Сізді жақында өткен Жеңіс күнімен құттықтаймыз! 1945 жылғы Жеңіс күні туралы айтып берсеңіз?
- Мұндай тарихи күн ешқашан ұмытылмайды. Бұл күні біздің топ Польшадан Мәскеуге оралды. Сол күні қандай көл-көсір шаттық, жылап-сықтау, құшақтасып бірі-бірін құттықтау, дегенді көрсеңіз!.. Айтып жеткізуге болмайды!... Бір-бірін мүлдем білмейтін адамдар да қауышып, мәз болысып жатыр... Бұл - нағыз бақыт. Халқымыздың көз жасымен, қанымен келген бақыт. Жеңіс күні - қасиетті мереке. Ұлы Отан соғысы - бұл қатерлі сынақ, кез келген соғыс - қайғы мен халыққа апат әкелері сөзсіз. Ол кезде мен 20 жаста едім, қазір 88-ге шығып отырмын, содан кейін бүкіл ғұмыр бойы Аллаһ тағала халқымның басына мұндай қасірет бермесін деп тілек етіп отырамын.
- Сіз бүкіл соғыс бойы майдан шептерінде концерт бердіңіз, Сіз үшін ең қорқынышты болған сәт қандай?
- Жеңіс қарсаңында Варшавада жаралы жауынгерлер алдында концерт қойдық. Бомба дегенің қарша жауып тұр, «Біздің жанымыз сарбаздардан артық емес», - деп жетекшіміз біздерді жігерлендіріп қояды. Біз орнымыздан тұрып, ән салдық. Ауыр жаралылар жерде жатыр, кейбірі ажал сәтін күтіп жатқандай. Бақытымызға орай бораған оқтан да аман-сау қалдық.
- Сіздің орындауыңызда майдангерлер сүйіп тыңдайтын қандай әндер бар?
- Бізде ауқымды репертуар болды. Біздер бірнеше тілдерде ән шырқадық, барлығы да халық әндерін жақсы көрді, мен орыстың «Самара қаласы» әнін және өзіміздің қазақ әндерін жиі айтатын едім. Менің бойым кішкентай болатын. Солдаттар мені балаша көтеріп, танктің үстіне шығарып қояды, мен ән салам.
- Сіз «Халық қаһарманы» атағына ие болдыңыз, Сіз алғашқы наградаңызды қашан алдыңыз?
- Бұл 1945 жылы болды. Мен «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін алдым, бұл менің ең қымбат марапаттарымның бірі, оны кезінде кез келген адамға берген жоқ. Мен мұндай құрметке екі рет ие болдым. Біреуін маған маршал Коневтің өзі, екіншісін ? Рокоссовский тапсырды. Сонда «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін тапсырып тұрып, Рокоссовскийдің маған: «Қазір сен кішкентай Розасың, болашақта кеңес өнерінің мақтанышына айналасың», - дегені бар тебіреніп. Оның айтқаны келді. 1949 жылдың өзінде Будапештегі халықаралық фестивальда мен Майя Плисецкаямен, Мстислав Ростроповичпен, Игорь Ойстрахпен (Давид Ойстрахтың ұлы), Зара Долухановамен бірге бірінші сыйлыққа ие болдым. Біз алдыңғы шепте тәулігіне 15 сағат ән салдық, соғысты қатардағы гвардия солдаты болып аяқтадым. Екі рет Сталиннің алдында ән шырқадым. Сондай концерттердің бірінде оның өтінішімен аңызға айналған «Самара қаласы» майдан әнін орындадым. Сталин де, онымен бірге бүкіл залдағы көрермен орындарынан тік тұрып тыңдады. Мен майданда бес жылға жуық болдым. Біздің армия ұрысқа әзірленіп жатқанда мен өз әндеріммен олардың рухын көтеріп, жігерін жаныдым. Халық қаһарманы атағы Кеңес Одағының Батыры деген атаққа теңестірілген ғой, бұл награда да мен үшін өте қымбат. Мен оны майданда алған қос «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен бірдей бағалаймын. Нұрсұлтан Назарбаев маған осы атақты тапсырып тұрғанда «Сіз соғыс кезінде де, бейбіт жылдарда да халықтың рухын көтеріп, жігерлендіріп отырдыңыз. Мен сіздің дауысыңызды бала кезімнен естім келем», - деді. Мен жылап жібере жаздадым. Есіме майданның алғы шебінде медбикемен бірге жүгіріп келе жатқаным, қолымда плащ, арқамда - автомат... сол бір қиын-қыстау күндер түсті. Әрине, біз сол жылдарда өлімді, халық басына түскен ауыртпалықты көп көрдік, жаралы жауынгерлер әніңді тыңдап, жарасын қайтадан таңдырып алады да, ұрысқа аттанады. Міне, осындай сәттерде әннің жігерлендіруші күшін терең түсіндім.
- Роза Тәжібайқызы, қазіргі эстрада орындаушыларынан кімдерді атар едіңіз?
- Жақсы әншілер бар, әрине, мәселен Мақпал Жүнісова. Бірақ та жалпы алғанда эстраданың деңгейі құлдырап кетті. Бұрын эстрада жанры классикалық, халықтық музыкамен деңгейлес тұратын еді. Ал бүгінде көпшілігі бір сәттік арзан танымалдыққа әуес.
- Эстраданы бұрынғы деңгейіне көтеру үшін не істеу қажет?
- Күрделі сұрақ. Бүгінде Қазақстанда сапалы деңгейде музыкалық білім беретін орындар бар. Дегенмен екі нәрсені бөліп айтар едім. Біріншісі - жақсы репертуар қажет, композиторлар мен ақындар терең кәсіби шығарма жасаулары керек, екінші мәселе - тыңдарманды тәрбиелеу. Мұның бәрі өзара байланысты, орындаушы үшін де, көрермен үшін де талап пен деңгей жоғары болуы тиіс.
- Соңғы сұрақ, Роза Тәжібайқызы, Сіз көптеген тарихи кезеңдерден өткен адамсыз, Қазақстандағы бүгінгі қоғамдық-саяси жағдайды, ел басшылығы жүргізіп жатқан реформаларды қалай бағалайсыз?
- Мен өз Отанымызды мақтан етемін. Көбіне-көп, біздің Елбасымыздың арқасында, тарих ауқымымен қарасақ, Қазақстан қысқа мерзімде әлемдік аренада өз беделін нығайтты. Ал экономикаға келетін болсақ, әрине, қазір дағдарыс деп жатыр, дегенмен тұтастай алғанда біз экономикалық өсудің жемісті кезеңінен өттік, сондықтан да осынау күрделі кезеңде де қол жеткен жетістігіміздің арқасында, одан да аман-есен өтерміз деп ойлаймын. Бүгінде «Нұр Отан» партиясы өзінің 10 жылдығын атап өтіп отырғанын атап өткім келеді. Бұл Елбасымыз көшбасшы болып отырған, нағыз шынайы патриоттардың партиясы, ал патриотизм әркімге де керек қасиет. Оны адамның бойына жас шағынан сіңіре білу қажет. Осы орайда өнердің, атап айтқанда, әннің азаматтық сезімді тәрбиелеуге зор ықпалын айтар едім. Біздің мықты партиямыз сияқты білікті эстрада ұжымдарын құрып, Қазақстанымызды талмай жырлап, балаларымызды тәрбиелеп, ұлттық дәстүрлерді насихаттауға тиіспіз. Бүгінде еліміз үшін қажет құндылықтар осы...
20:24, 16 Мамыр 2009
Мен Отанымды мақтан етемін - КСРО халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланова
АТЫ. Мамырдың 16-сы. ҚазАқпарат /Жазира Жаңабаева/ - Оның ерекше әуезді дауысы соғыс жылдарында жауынгерлерді ерлікке жігерлендірді, ол қазақ мәдениетін халықаралық сахнаға шығарды, оны Кеңес Одағының барлық түпкірінде танып-біліп, сүйіспеншілікпен таңдай қақты. Ал Қазақстанда ол бірнеше ондаған жылдар бойы халқының махаббатына бөленген шын мәніндегі халық әртісі, өнердің шыңына көтерілген дарабоздарының бірі болып келеді.