Мен өз қарамағымдағы адамдарға 450 мың теңгеден төлейтін едім - вице-министр Баймолдина

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әділет вице-министрі Зәуреш Баймолдина өз қарамағында жұмыс істейтін сарапшы мамандардың жалақысын алты есеге өсіруге әзір. Алайда қазіргі заңнамада қарапайым қызметкерлер үшін ондай жалақы қарастырылмаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Бізде қит етсе, бәрін бастыққа жаба салады. Бір нәрсе істелмей қалса, басшыларды жазаға тартады. Алайда белгілі бір тапсырманың орындалуы жетекшіге емес, сол тапсырманы орындайтын, яғни нақты бір құжатпен айналысатын қызметкердің жұмысына байланысты. Сол себепті Еуропаның мемлекеттік органдарында "сарапшы" - ол өте жауапты қызмет. "Сарапшы" деген терминнің өзі айтып тұрғандай, адам тиісті шешімді өзі қабылдап, сол үшін жауап береді. Ал бірінші басшы мемлекеттік органның стратегиялық мәселелерімен айналысуы қажет. Біз де Еуропа мемлекеттерінің тәжірибесіне бірте-бірте келеміз деп ойлаймын. Осы саладағы біздің де көзқарасымыз өзгереді деген сенім бар", - деді Баймолдина бүгінгі баспасөз мәслиxатында.

Ал "Мемлекеттік органдарда жұмыс істейтін сарапшы мамандардың қазіргі жалақысы Сіз айтып отырған жаукершілікпен сәйкеспейді ғой. Осыны қалай шешуге болады?" деген сұраққа вице-министр: "Президент те айтып отыр ғой, мемлекеттік қызметкерлердің жалақыларын көтеріп, олардың еңбекақылары кәсіпкерлерден кем болмауы қажет. Оған да жетеміз. Міндетті түрде болады. Себебі қазіргі кезде мемлекеттік қызмет туралы жаңа заңды қабылдадық. Енді, аталған құжатты іске асыруға қажетті нормативтік актілер қабылданады. Мен ойлаймын, осы жылдың ішінде мемлекеттік қызметкердің кәсіби біліктілігіне, қарым-қабілетіне қарай жалақы мөлшерін белгілеу жүйесі анықталады. Сөз жоқ, қысқартулар да болады. Алайда соның есесіне басқа қызметкерлердің жалақысы көтеріледі. Мәселен, мен өз департаментімде істейтін сарапшының 450 мың теңге алғанын қалаймын. Себебі ол көптеген нормативтік-құқықтық актілерге сараптама жасайды. Ол үшін мықты білім керек. Қазір жаңадан келген сарапшы 70-80-ақ мың теңге алып жүр", - деп жауап берді.