Мен пара берген жоқпын - Алматы Денсаулық сақтау басқармасының экс-басшысы

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда №2 Медеу аудандық сотына қалалық Денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Серікбол Мусиновтің ісі түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін басты сот талқылауында Серікбол Мусиновқа тексеру органдарының лауазымды тұлғаларына 15 мың АҚШ доллары көлемінде пара бергені туралы айып тағылды.

Даулы іске басқарманың экс-басшысы мен оның екі қызметкері қатысы бар болып шықты.

«2018 жылы 20 тамызда қалалық Денсаулық сақтау басқармасының мемлекеттік сатып алу және әкімшілік құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Серікпаев өзінің танысына телефон соғып, прокуратура органдарының тексеруге келе жатқанын айтқан. Шенеуніктің телефон сыртындағы танысы тексеруші органда танысы барын, кез-келген мәселені шешіп беретінін айтқан. Серікпаев Алматы прокуратурасының қызметкерлеріне ақша беріп құтылуды ойластырған. 2018 жылы 13 қыркүйекте Серікпаев өзі және басқарма басшысы Мусиновтың атынан прокурордың қызметін жалған атқарып отырған Мамышевке пара берген. 14 қыркүйекте Серікпаев Бостандық аудандық прокуратурасына келіп, Серікбол Мусиновтың тапсырмасымен келгенін айтып, әр прокурорға 5 мың АҚШ долларынан, яғни 15 мың АҚШ долларын беретінін айтқан», - деді айыптау актісін оқыған прокурор Айбек Сабырбаев.

Айыптау актісіне сәйкес, ревизорлар өткен жылдың да қорытындысын тексеретінін хабарлағанда, пара сомасы одан да көбейген.

«Басқарма басшысы тек 2018 емес, 2016-2017 жылдардағы қызметі де тексерілетінін білді. Сосын Серікпаев басқарманың дәрілік, материалды техникалық бөлімінің басшысы Боранбаеваның кабинетінде отырып, оған да қылмыстық пиғылы туралы айтып берген. Бұл тұлғалар тексеруші орган өкілдеріне 25 мың АҚШ долларын беру туралы шешімге келеді. Одан соң Боранбаева Мусиновқа прокуратурамен келіскенін айтып, жоспарларымен бөліскен», - деді прокурор.

Ақшаны прокурорларға Серікпаев пен Боранбаева берген.

Серикбаев Мамышевке - 20 мың АҚШ долларын, Боранбаева 5 мың АҚШ долларын берген.

Қалалық Денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы өзінің айыбын мойындамады.

«Прокурордың таққан айыбын мойындамаймын. Мені ауыр қылмыста күдікті деп тануға қандай негіз бар? Мен қылмыс жасаған жоқпын. Сот барысында ол дәлелденеді деп сенемін», - деді Серікбол Мусинов.

Еске салайық, Денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Серікбол Мусиновқа қатысты пара берді деген күдікпен іс қозғалған болатын.

Басқарма басшысы қызметінен 2018 жылы 20 қыркүйекте босатылды.

Ол қалалық басқарманы 2017 жылдың қарашасынан бері басқарып келген еді. Қызмет жолын Шығыс Қазақстан облысы Аягөз аудандық ауруханасында интерн-дәрігер болып бастаған. Әр жылдары Семей облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы, Астана қаласы Фармацевтикалық бақылау басқармасының басшысы, Маңғыстау облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметтерін атқарған.

Соңғы жаңалықтар