Мен Президент Н. Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясын құрғанын құптаймын - БҰҰ Бас хатшысы
Ол бұл пікірін бүгін Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен кездесуде білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, дүниежүзіндегі көптеген елдер этникалық қағидаты бойынша жүктелген, ұлттар арасындағы күмәндану мен келіспеушіліктердің салдарынан өз дамуында тежеліп қалған наным-сенімі мен ұлтына қатысты айырмашылық әлі күнге дейін әлемнің жаһандануына кедергі келтіріп отыр. «Сондықтан БҰҰ осы кедергілерді жойып, олардың орнына түсіністік пен құрмет және сенім көпірін салу үшін Өркениеттер альянсын құрды», деді Пан Ги Мун.
Осы орайда бүгін Президент Н. Назарбаевпен кездесетінін, онда «Достық» орденімен марапатталатынын айтқан БҰҰ Бас хатшысы: «Достық әлем үшін, өркендеу мен қауіпсіздік үшін іргетас болып табылады. Ол құрмет пен толеранттылықтың, шыдамдылықтың құндылықтарына негізделеді. Бұл БҰҰ-ның қағидаттары. Бұл Қазақстан халқы Ассамблеясының қағидаттары», деді.
Айта кетейік, шара барысында Ассамблея өкілдері Қазақстандағы этносаралық қатынастар және этностар дәстүрі мен әдет-ғұрпын сақтап, дамыту мәселелері туралы сөз қозғап, еліміздегі мемлекеттік тілді меңгеру, жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу және тарихи жадын сақтау жөнінде әңгіме өрбітті.