Мен референдум өткізу жөніндегі бастаманы бірден құптадым - Әкім Тарази

АСТАНА. 29 желтоқсан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Мен Нұрсұлтан Назарбаевтың Президенттік өкілеттігін ұзартуға қатысты референдум өткізу жөніндегі бастаманы бірден құптадым», -

деді Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Әкім Тарази. Бұл туралы ол бүгін Астанада «Алғашқы Президент - Ұлт көшбасшысы, Қазақстанның тұрақты дамуының кепілі ретінде» атты дөңгелек үстел отырысында айтты.

«Бізге бүгін тағы да сайлау өткізіп, әуре-сарсаңға салынғанша осы референдумды ұйымдастыра қойған әлдеқайда жеңіл. Оның үстіне бүгінгі Елбасымызды алмастыра қоятын басшы да табыла қоймайды. Н.Назарбаев Кеңес Одағының тұсында да елімізді басқарған азамат. Біз Президентіміздің арқасында өтпелі кезеңнің қаншама қиындықтарын еңсере алдық. Ал ол уақыттағы қиындықтарды жеңу екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс еді. Біз ол кезде далада қалған елдей күй кешіп жүрдік. Ресейден бөлінгеннен кейін бізде не өндіріс, не экономика болмады. Соның барлығынан өту оңай шаруа емес, әрине. Ал осы қиындықтарды 19 жылдың ішінде жеңіп шығу тек дарындардың қолынан келетін іс. Ол тарихта болмаған жағдай»,- деді Ә.Тарази.

Оның пікірінше, елде референдум туралы сөз қозғағанда, қызыл сөзге елітіп, асыра сілтеп жіберетіндер көбейіп кетті. Олардың кейбірі "Мемлекет басшысының өкілеттігін 2030 жылға дейін ұзарту керек" деген сыңайдағы әңгімелерді айтады. «Меніңше, біз осыдан аулақ болғанымыз дұрыс. Өйткені бұл арам пиғылды адамдардың елдегі жағдайға күйе жағу үшін таптырмас себеп. Біз референдумды өткізеді екенбіз, оны ретімен ұйымдастыруымыз қажет. Бұл билік басына келу үшін Елбасына жағынып, жақсы сөз айтам деп, асыра сілтеушіердің науқанына айналып кетпеуі керек»,- дейді жазушы.