Мен сайлауалды белсінді үгіт-насихат жұмысын жүргізбеймін, оның орнына мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелерін іске асыратын боламын-Н. Назарбаев

АСТАНА. 3 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін "Нұр Отан" ХДП орталық аппаратының ғимаратында Республикалық сайлауалды қоғамдық штабтың мүшелерімен кездесуінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сайлауалды белсінді үгіт-насихат жұмысын жүргізбейтінін, оның орнына мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелерін іске асыратынын айтты.

«Тәуелсіздік жылдары ішінде біз ел алдына қойған барлық мақсатқа қол жеткіздік. Одан әрі дамуымыз үшін жақсы база қалыптасты. Біздің жетістіктеріміз - маған қолдау білдіруге шақыратын жақсы үгіт-насихат. Сондықтан мен сайлауалды белсінді үгіт-насихат жұмысын жүргізбеу туралы шешім қабылдадым. Оның орнына мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелерін іске асыратын боламын. Мен биылғы Қазақстан халқына Жолдауымда атап көрсеткен міндеттердің орындалуы үшін күнделікті мемлекеттік істермен айналысамын. Бұл дұрыс шешім болғандықтан қазақстандықтар оны оң қабылдайды деп санаймын», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы үгіт-насихат жұмыстарын ұйымдастыру кезінде формальды қадамнан аулақ болу қажеттігін атап өтті. Үгіт-насихат науқанына арналған шығындар тек қана сайлау қорының аясында жүзеге асырылуы тиіс.