Мен үшін Абай рөлі бір төбе де, басқа рөлдерім бір төбе - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділманов

АЛМАТЫ. Тамыздың 11-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Мен үшін Абай рөлі бір төбе де, басқа рөлдерім бір төбе. Бұл туралы Қазақтың Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділманов кеше Алматыда өткен "Абай оқуларында" айтты,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Абайды ойнау қазақтың әр актерінің арманы. Оған біреу жетеді, біреу жетпейді.  Абай рөлін ойнау  үшін тек қана талантты және шебер актер болу  аздық етеді. Абайды ойнау үшін былайша айтқанда оның сыртқы пішіні ғана емес, ішкі жан дүниесі, поэзияны түсіне білуі және актер ретінде де, адам ретінде де өмірден жинаған тәжірибесі керек. Абай мен үшін ыстық. Ол біздің алдымыздағы шамшырағымыз", дейді Болат Әбділманов.  Өзінің әсерін «Абай образын әр ойнаған сайын жаңадан ойнағандай болам. Әр жолы  Абай туралы жазылған көркем әдеби шығармалардан бөлек,   деректі дүниелерді оқуға тырысам.  Өмірдің күйкі тірлігінен аулақ болуға тырысып, жан-дүниесіне, табиғатына    жақындауға тырысам» деп бөліскен  актердің пайымдауынша, қазіргі ақындардың   Абай болуы мүмкін емес және ол шарт емес. Әр адам оны  ұстазым дей отырып өзінің ішкі жан-дүниесін танып-біліп, оны ашып  көрсетуі  керек.