Мен үшін Мемлекет басшысымен бір күнде Премьер-Министр қызметіне кірісу - үлкен мәртебе - ҚР Премьер-Министрі К.Мәсімов

АСТАНА. 8 сәуір. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Мен үшін Мемлекет басшысымен бір күнде Премьер-Министр қызметіне кірісу үлкен мәртебе»,- деді бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде палата депутаттары ҚР Премьер-Министрі лауазымына кандидатурасын тағайындауға келісімдерін бергеннен кейін сөйлеген Қазақстанның сегізінші Үкіметінің басшысы Кәрім Мәсімов.


«Бүгін Президент мені қайтадан Үкімет басшысы лауазымына тағайындады. Мен үшін бұл - үлкен мәртебе. 2007 жылдың қаңтар айында мен алғаш рет Премьер-Министр болып тағайындалдым. Сонда мен өзімнің қандай лауазым иесі болсам да Президенттің сенімді көмекшісі болатынымды айтқанмын. Мен бүгін осы сөзімді тағы қайталағым келіп отыр», - деді К.Мәсімов.

Сондай-ақ ол өзінің Президент сеніміне ие болуға құқылы екенін іс жүзінде дәлелдейтіндігін атап өтті. «Мен сонымен қатар депутаттарға да, «Нұр Отан» партиясының өкілдеріне де алғысымды білдіремін. Біздің осыған дейінгі бірлескен қимылдарымыз нәтижелі болды. Өйткені ол істер бірлескен түрде жүзеге асырылды. Біз сіздермен көптеген кеңестер өткіздік. Нәтижесінде біздің бірлескен қимылдарымыз дәл келіп отырды. Бұл өз кезегінде алда тұрған міндеттерді талапқа сай шешуге ықпал етті», - деді Үкімет басшысы.