Мен жалғыз емеспін: Instagram-дағы бір видео павлодарлық жетім қыздың тағдырын қалай өзгертті

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодарлық Анастасия Кулик өз өмірі бір-ақ күнде өзгеріп шыға келетінін тіпті ойламаған еді. Жастайынан жетімдер үйінде тәрбиеленген ол мейірбан жандардың көмегінің арқасында көптен армандаған пәтерін сатып алды.

Коллаж: Kazinform

Бір күнде орындалған арман

Анастасияның жасы 32-де. Жетімдер үйінде тәрбиеленген нәзік қыз жастайынан тағдыр тауқыметін бастан кешірді. Басында баспанасы, жанында көмектесетін бірде-бір жақын туысы жоқ ол мұңға жиі батып, қиындықтан шығатын жолды іздейтін. Қарызға батып алған пәтерінің құнын төлеу қорқынышқа айналды. Онсыз да аз жалақысы ішіп-жемінен артылмайтын. Бірде Настя Instagram-дағы парақшасында айналасындағы мейірбан адамдар көрер, естір деген үмітпен өзінің арманы жайында баяндады. Небәрі 5 мыңдай ғана жазылушысы бар оның бұл бейнеролигі сол сәтте ғаламторды шарлап, мыңдаған адамға тарап кететінін кім білген.

Фото: Анастасия Куликтің жеке мұрағатынан

«Егер тым болмағанда 30 мың адам маған 200 теңгеден аударса, менің жеке пәтерім болар еді. Шағын ғана болса да мені шексіз қуанышқа бөлейтіні анық. Мен әлемге, ондағы адамдардың шексіз мейірбандығына сенемін» деген сөздері мыңдаған жүректі жылытқаны анық еді. Тығырыққа тірелген бойжеткеннің тағдырға сенуіне небәрі 24 сағат қана қажет болды. Бейнеролик жарияланған сәттен бастап мүлде бейтаныс адамдар оның есепшотына ақша аудара бастаған. Ал арада тәулік өткенде Анастасияның шотында бір пәтердің құнына жететін ақша жиналып қалды.

Фото: Анастасия Куликтің жеке мұрағатынан

- Мұндай таңғажайып оқиға өмірімде пайда бола қалғанына әлі күнге сене алар емеспін. Әуел баста банктен мәжбүрлі түрде ақшалай несие рәсімдеген едім. Оған құны 5,5 млн теңге тұратын, аумағы 20,5 шаршы метр бір бөлмелі шағын пәтер сатып алдым. Ал қазақстандықтар маған бір тәулік ішінде 8 млн теңгеден астам қаражат жиып береді деп кім ойлаған!? 18 сәуір күні жиналған ақшадан банктен алған несиемді, яғни үйдің құнын толықтай өтедім. Қалған қаражаттың бір бөлігін пәтерімді жөндеуге жұмсап жатырмын. Сондай-ақ анам мен әжемнің зираттарының басындағы ескерткіштерін (крест) жаңалайтын ойым бар. Маған осы күндері көмек сұрап хабарласқандар бар. Қатерлі дертке шалдыққан екі адамға қаражат аудардым. Ал адамдар маған әлі күнге ақша аударуларын қояр емес. Сондықтан мен ақша жинауды тоқтаттым. Бұл уақытқа дейін маған көмек көрсеткен адамдарға алғысым шексіз! Мен мейірбан жандардың айналамызда көп екеніне шын мәнінде көз жеткіздім. Мен өзімнің әлі де өзгелерге керек екенімді жан дүниеммен сезіндім, - деп толғанды Анастасия.

Фото: Анастасия Куликтің жеке мұрағатынан

Есею жылдарындағы қиындық

Анастасия 8 жасқа толғанда анасы ауыр дерттен көз жұмып, ол балалар үйіне тәрбиеленеді. Анасының өлімі жанына қатты батқан бойжеткен ұзақ жылдар психологиялық күйзелісте жүрді. Дейтұрғанмен өмірге құштар қыз білім алуға ұмтылып, қатарластарының алды болуға тырысты. Әуелі жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған № 1 мектеп – интернатында, одан соң № 2 мектеп-интернатында тәрбиеленді. Мектептен соң Ақсу қаласындағы Жаяу Мұса атындағы көпсалалы колледжіне оқуға түсіп, режиссер мамандығын тәмамдайды. Өжет қыз одан соң құжаттарын Ресейдің Омбы мемлекеттік университетіне тапсырып, театр және кино актері мамандығын меңгеріп шығады.

Фото: Анастасия Куликтің жеке мұрағатынан

- Кішкентай кезімде кітап оқығанды ұнаттым. Менің сөздік қорым бай болды, өлең мен шағын әңгімелер жазатынмын. Шығармашылыққа жақын болуым өнер саласына алып келді. Жаяу Мұса атындағы колледжде оқып жүргенде бастапқыда баспана мәселесі аса қиын болды. Интернаттан кеткеннен кейін далада қалғандай болады екенсің. Сол уақытта маған қамқорлық танытып, өз үйінде тұрғызған ұстазым Қайыржан Бейсенбаевтың көмегін әлі күнге ұмытпаймын. Сол уақытта цирк өнерінің бір түрі – бірнеше допты бір уақытта қақпақылдауды (жонглирование) үйреніп алдым. Ол кейін Омбыда оқып жүргенде күнкөрісіме қажет қаражат табуыма сеп болды. Көшеде тұрып, 4-5 допты қолыммен қақпақылдап, өнер көрсететінмін. Адамдар ақша беріп кетеді. Сөйтіп ішер асыма, киіміме қажет ақша таптым, - дейді Анастасия.

Ол бірде автостоппен Ресейді аралап, Судак қаласына дейін жетеді. Онда алғаш рет теңізді көріпті. Алып толқындары жағаға соғып, ешқашан тыншымайтын Қара теңіздің әдемілігі әлі күнге есінде.

Фото: Анастасия Куликтің жеке мұрағатынан

Анастасия – театр әртісі

Омбы университетін тәмамдаған соң бірден туған қаласы Павлодарға оралды. Бұл уақытта елде коронавирусқа байланысты пандемия жүріп жатқан. Шекаралар жабылып қалған кезең. Ол шаһардағы Чехов атындағы драма теарға шақыру алады. Алғашқы кезеңде көпшілік рөлдерді сомдап жүрді. «Дубровский» қойылымында режиссерлердің көзіне түсіп, «Танго на троих» спектаклінде үй қызметшісінің рөлі сеніп тапсырылды. Кейін «Любовь и голуби», «Мастер и Маргарита» және тағы басқа қойылымдарда маңызды рөлдерді сомдады. Бүгінде Настяның актерлік шеберлігі шыңдалып, қалыптасу кезеңінде. Армандаған пәтеріне қол жеткізген ол енді ғұмырын театр өнеріне арнай беремін деген ниетте.

Фото: Анастасия Куликтің жеке мұрағатынан

- Театрдағы еңбек өтілім 6 жылдан асты. Мен белсенді болғанды ұнатамын. Театрда кез келген қойылымда кішігірім рөл ұсынса да бірден жан-тәніммен сомдауға кірісіп кетемін. Барлық іс-шараға үзбей қатысуға тырысамын. Кейінгі уақытта кино кастингтерге қатысып жүрмін. Оның үстіне йога өнерін үйреніп, бүгінде йога бойынша жаттықтырушымын, - деп әңгімесін жалғай түсті ол.

Фото: Анастасия Куликтің жеке мұрағатынан

Өзгелерге көмек көрсетудің қадірін түсіндім

Анастасия үшін 16-17 сәуір күндері көрген түстей ғажайыпқа толы өтті. Дәл осы кезеңде ол қазақстандықтардың қолдауына ие болып, талай жылғы үкілі үміті орындалды.

- Мен үшін таңғаларлық оқиғалар болып жатыр. Үш ұйықтасам түсіме кірер ме еді? Осы күндері өзгелерге көмек көрсетудің қадірін түсіндім. Көмектің үлкен-кішісі болмайды екен, кез келгені мұқтаждар үшін аса маңызды екенін пайымдадым. 18 сәуір күні банктегі несиемді жауып, алған пәтерім үшін енді ешкімге борышты емес екенімді сезінгенде қуаныштан қатты толқыдым, - дейді ол.

Фото: Анастасия Куликтің жеке мұрағатынан

Сөз соңында ол Қазақ елінде тұрып жатқанын мақтаныш ететінін атап өтті. Айтуынша мейірбан адамдары көп қоғамның болашағы зор. Мемлекеттік тілді мектеп кезінде меңгермей қалғанын өзі үшін үлкен кемшілік деп санайтынын, алдағы уақытта бұл бағытты мықтап қолға алатынын жеткізді.

Фото: Анастасия Куликтің жеке мұрағатынан

Еске сала кетейік, 93 жастағы павлодарлық ақсақал қажылыққа деп жинаған ақшасын мүгедек балаларға үлестіріп берді. 

Фото: Анастасия Куликтің жеке мұрағатынан