Мені іздемеңдер: Үйінен кетіп қалған әйел өзге қаладан табылды
Ақмола облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жоғалған әйел 28 қазанда табылды. Ол үйінен шығар алдында «мен кеттім, мені іздемеңдер, барлығы үшін кешіріңдер» деген жазбаны қалдырып кеткен.
«Жоғалған адамды іздеуге Біржан сал және Бурабай аудандарының полиция бөлімдерінің жеке құрамы, жұртшылық және еріктілер бағытталды. Полиция сарай, шаруашылық ғимараттарын, қараусыз қалған нысандар мен құрылыстарды қарап, жақын маңдағы орман алқаптарын сүзіп шықты. Сонымен бірге, учаскелік полиция пунктінің бейнебақылау камераларының жазбалары зерттелді. Тәртіп сақшылары жоғалған күні әйел «Степняк-Щучье» автожолына шығып, жол бойымен Щучье қаласына қарай бет алғанын анықтады», - деді ведомстводан.
Анықталғандай, әйел Щучье қаласына дейін ілеспе автокөлікпен жеткен, содан соң кейін таксимен Нұр-Сұлтан қаласына барған.
«28 қазан күні сағат 17:00 әйелдің жүрген жері анықталды. Ол елордадағы туыстарының үйіне барған. Әйел үйінен кету себебін түсіндіруден бас тартты», - деп толықтырды ведомстводан.
Айта кетсек, Ақмола облысында із-түзсіз жоғалған әйелге күйеуі іздеу жариялаған болатын.