«Менің анам мен әкем» әдеби байқауына кез келген талапты жан қатыса алады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әдебиет порталы «Менің анам мен әкем» үздік әдеби эссе байқауын жариялайды. Эссе - шағын көлемдегі проза түріндегі еркін композиция, ол қандай да тақырыпта еркін қалам сілтеуге мүмкіндік береді.

Әдебиеттегі эссе - оқырманды ой теңізінде жүздіретін, таңдай қақтыратын, өзінше ойлап-сезіну қажеттілігін туғызатын, қаныңды қыздырып, рухани әлеміңе азық сыйлайтын, дүние құбылыстарын өткір қабылдауымен ерекшеленетін көркем туынды. «Менің анам... Менің әкем...» арнайы жобасының аясында ұйымдастырылып отырған әдеби байқауға жасына, кәсібіне, ұлтына, мамандығына қарамастан кез келген жеке тұлға қатыса алады, деп хабарлайды Әдебиет порталы. Байқаудың мақсаты - адамдардың шығармашылық ойлау дағдысын жетілдіру, көркем әдебиетке баулу, әрбір адамды ата-анасын құрметтеп, үнемі хабарласып, хал-жайын біліп-тұруға үндеу. «Менің анам мен әкем» тақырыбында жазылған үздік эсселер интернетте кеңінен насихатталмақ. Байқауда 1 бас жүлде, бір 1-ші орын, екі 2-ші орын, үш 3-ші орын берілмек. Оған қоса, тың туындысымен ерекшеленгендер бес ынталандыру сыйлығымен және «Әдебиет порталының» арнайы жүлдесімен, арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады. Айта кетейік, үздік жұмыстар конкурстың қазылар алқасының дауыc беруі арқылы және әлеуметтік желілерде бағалануы арқылы анықталмақ. Жеңімпаздардың үздік деп танылған шығармалары танымал тұлғалардың «Менің анам... Менің әкем...» жобасындағы үздік туындыларымен қатар арнайы жинақ болып басылып шығады. Байқауға шығармалар 2014 жылдың 1 желтоқсанына дейін қабылданады, ал жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 2014 жылдың 16 желтоқсанында өткізіледі. Байқау шарттарымен толығырақ adebiportal.kz сайтында танысуға болады.