3 сәуірде өткен ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында Мемлекет басшысының жеңіске жетуіне байланысты бүгін Астанадағы «Қазақстан» спорт кешенінде өткен «Елбасымен бірге, алға!» атты форумда Президент Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді.
«Сіздерге, сіздер арқылы барлық қазақстандықтарға сайлауда маған көрсеткен жоғары сенімдеріңіз үшін алғыс айтамын. Менің барлық күш-жігерім, менің тәжірибем, менің ақыл-ойым Қазақстан халқына қызмет етуге арналатын болады. Әрқашан осылай болған және солай бола береді де», - деді Н. Назарбаев.
Елбасы өзінің сайлауалды штабтары еліміздің барлық аймақтарында жұмыс істегенін атап көрсетті. «Штабтардың әрбір ауылда, әрбір ауданда, әрбір қалада жұмыс істегенін білемін. Осы сайлауда жеңіске жетуіме көмектескендердің барлығына үлкен рахметімді айтамын. Бұл мені көп нәрсеге міндеттейді. Сайлаушылардың 90 пайыздайының сайлауға қатысуы және 90 пайыздан астамының мені қолдағандары Батыс елдері үшін - сенсация. Әдетте Президент сайлауы халықты, елді әртүрлі партиялық блоктарға бөлетін болса, біз біріге алатынымызды көрсеттік. Әлемнің әр түпкірінде қантөгістер, ұлттар арасындағы жанжалдар болып жатыр. Біз, Қазақстанның барлық ұлттары мен ұлыстары, барлық діндері біртұтаспыз. Кейбір елдерде жұмыс орындарын қысқартылып, зауыттар тоқтатылуда, ал біз зауыттарды тұрғызып, жаңа жұмыс орындарын құрудамыз. Кейбір елдерде зейнетақылар қысқартылып жатса, біз оны ұлғайтудамыз. Кейбір елдерде айлық жалақы қысқартылуда, біз оны ұлғайтудамыз», - деді Н. Назарбаев.
.