«Менің елім - Мәңгілік ел» республикалық жастар акциясы Сыр елінде жалғасын тапты

None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат-Қызылорда қаласында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Менің елім - Мәңгілік ел» республикалық жастар акциясы өтті,-деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі облыстық ассамблеяға сілтеме жасап.

Мерекелік шараға облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов, Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар қанатының көшбасшысы, ҚР Президентінің жанындағы «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің қызметкері Максим Споткай, аймақтық ассамблея мүшелері, қоғам қайраткерлері, этномәдени бірлестіктер, жастар ұйымының жетекшілері мен студенттер қатысты. 

«Мәңгілік ел» жалпыұлттық патриоттық идеясы мен оның құндылықтарын Қазақстандық қоғамда, әсіресе жастар арасында ілгерлету, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына еліміздің барлық аймақтарындағы жастардың қосқан үлесін және жетістіктерін көрсетуді мақсат тұтқан бұл іс-шарада қызылордалық жастар үлкен белсенділік танытты.

Салтанатты шарада сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов: «Елбасымыздың бастамасымен жүргізіліп отырған саясаттың арқасында халқымыз жаңа дәуірге қадам басып, «Мәңгілік елдің» негізін қалады. Еліміздегі ырысты ынтымақ пен берекелі бірліктің арқасында барлық салаларда орасан жетістіктерге қол жеткізіліп, халықтың тұрмысы түзелді. Мемлекетіміз қысқа уақыттың ішінде саяси және әлеуметтік салаларда көптеген келелі, белесті кезеңдерден өтті. Екі құрлық тоғысындағы ел Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп, Астана саммитін өткізді, Елбасының «Әлем. 21ғасыр» Манифесі БҰҰ Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік Кеңесінің ресми құжаты мәртебесін алды. Тәуелсіз Қазақстан халқымыздың азаттық жолындағы сан ғасырлық арманын ақиқатқа айналдырды», деді.

«Мәңгілік ел» жалпыұлттық патриоттық идеясы құндылықтарын ұғындырған акцияда елге сүбелі үлес қосқан жастардың еңбегі де тілге тиек етілді. Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар қанатының көшбасшысы, ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің қызметкері Максим Споткай халықтың тату-тәтті тіршілігі егемендіктің арқасы дей келе, көп этносты Қазақстан үшін халық бірлігінің маңызы ерекше екендігін атап өтті. Әрбір отбасының да, еліміздің де басты тірегі - бірлік. Сондықтан Тәуелсіздігімізді баянды етуде Елбасының қажырлы еңбегі ерекше деп айта келе, Қазақстандағы барлық халықтың бір мақсат, бір мүддеге ұйысатындығын сөзіне арқау етті.

Акция аясында Елбасына облыс жастары атынан дайындалған үндеу оқылды. «Менің елім - Мәңгілік Ел» республикалық жастар акциясы келесі кезекте Атырау облысында өтетіндіктен, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына» - «Достижения молодежи «Мәңгілік Ел» к 25-летию Независимости Республики Казахстан» кітабын Сыр елінің мақтанышы, II-ші жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарының чемпионы, Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы, қазақ жастары арасындағы тұңғыш әлем чемпионы, дзюдошы Бауыржан Жауынтаев Атырау облысының өкіліне салтанатты түрде табыс етті. Еліміздің барлық аймақтарында өтетін акция 28 қарашада Астанада қорытындыланып, мәресіне жетпек.