«Менің Қазақстаным, менің жерім» тақырыбында өткен республикалық байқаудың қорытындысы жарияланды

АСТАНА. Қазанның 23-і. ҚазАқпарат. /Айдын Бәймен/ Бүгін Астана қаласындағы «Думан» мейманханасының мәжіліс залында «Менің Қазақстаным, менің жерім» тақырыбында өткен республикалық байқаудың қорытындысы жарияланып, жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл байқауды Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Астана қалалық Ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған. Сонымен қатар «Социум-Астана» үкіметтік емес ұйымының атсалысуымен өтіп отыр.

Байқауға жасы 14-тен 29-ға дейінгі жазушылар мен ақындар қатысты. Жас таланттардың байқауыәдеби шығармашылықты қолдауға және дамытуға бағытталған.Байқаудың мақсаты- жас жазушылар мен ақындардың кәсіби шеберлігін өсіру, ең үздік шығармаларды жариялау. Бұған дейін байқау аймақтар бойынша өткізілген.

Бүгінгі басқосуда әділқазылар алқасының төрағасы, мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы Мырзатай Жолдасбеков осындай байқаулардың өткізілуі жас дарын иелеріне жасалған қолдау болып табылатынын айтты. «Сіздер бақытты жастарсыздар. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін өсіп жетіліп, жаңа қоғамда өмір сүріп жатырсыздар. Келешекте мемлекетті басқару сіздердің қолдарыңызға өтеді. Астана - сіздердікі. Аға ұрпақ өмірдің көп қиындықтарын көрді. Сіздер ондайды көрмеңіздер. Әділқазылар жас дарындардың қаулап өсіп келе жатқанына шын жүректен қуанды»,- деді Мырзатай Жолдасбеков.

Әділқазылар алқасының мүшелері ақын Нұрғожа Ораз бен жазушы Әкім Тарази жас талапкерлерге ізгі тілектерін арнады.

Осы байқауға еліміздің әр өңірінен поэзиялық және прозалық шығармалар жазатын 100-ден астам талапкерлер қатысқан. Байқаудың бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша бас жүлдені повесі мен бірнеше әңгімелері үшін Жәмила Аязбекова жеңіп алды. Ол қазір Ұлыбританияда «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқып жүр. Екінші орынды жас ақын Гүлнәз Мырзағалиева иеленді. Патриоттық өлеңдері үшін Дмитрий Ларионов үшінші жүлдеге ие болса, Әйгерім Аманжолова ынталандыру сыйлығын алды.

Сонымен қатар еліміздің барлық облыстары бойынша жеңімпаздар анықталып, оларға да жүлделі орындар берілді.

Сол секілді республикалық байқаудың екінші кезеңі бойынша бірінші орынды Абылай Мадуанов иеленді. Екінші орын Манарбек Қарекеновке, үшінші орын Гүлмира Жусанбаеваға табыс етілді. Және де бес талапты жас ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. Бұл жастар негізінен өз өлеңдерімен қатысқан.