Менің өмірлік ұстанымым: бүгінгі күнмен, қазіргі сәтпен өмір сүру - жиhангез Мағжан Сағымбаев
Автостоп - бұл, бағыттас көліктермен, жүргізушінің келісімі бойынша тегін жүру. Әрине, бұл да нағыз өнер. Өйткені, діттеген жеріңе тегін жету - екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Ал басқалар жаяу намесе велосипедпен саяхат жасайды. Сонда бұл не? Қаланың бітпейтін күйбің тірлігінен, жоғары технологияға толы өмірден, қала берді интернеттен қашу ма? Ата-анадан безу ме? Олардың өмірлік ұстанымы қандай? Негізі, саяхат жасаушылардың көпшілігі шынайы табиғат аясына, қарапайым адамгершілік қарым-қатынастарға, мейрімділікке ұмтыландарын жасырмайды. Тіршіліктің мән-мағынасын ұғынғылары келеді. Міне, тағы бір саяхатшы, Алматы қаласының 26 жастағы тұрғыны Мағжан Сағымбаев та ұзақ сапарға дайындалу үстінде. Ол шамамен 20 айдың ішінде велосипедпен бүкіл жер шарын шарлап шықпақ. Ертең 1 мамыр күні Республика сарайы алдынан жолға шығады. ҚазАқпарат тілшісі, осы бір қызығы да шыжығы да мол алыс сапар алдында Мағжанмен сұхбаттасқан еді. Енді сөз кезегін саяхатшының өзіне берсек.
- Мағжан, өзіңді толық таныстырып өтсең...
- Менің аты-жөнім Мағжан Сағымбаев. Алматы қаласының тұрғынымын.. Осында туып өскем. Жасым 26-да. Бойдақпын. Бірақ, болашақта өзім секілді белсенді өмір салтын ұстанатын қызды жолықтыратындығыма сенімдімін.
- Сенің бұлайша саяхат жасауыңа мамандығыңның әсері болды ма?
- Дұрыс айтасыз, әрине болды. Мен күні кешегіге дейін Алматы қаласында туризм саласында қызмет етіп келдім. Шет елдік қонақтарды, туристерді Алматы облысының әсем жерлерімен таныстыратынмын. Мысалы оларды Шарын шатқалы, Алтын емел, Таңбалы тас секілді тарихи жерлерге апарып жүрдім.
- Яғни, ағылшын тілін білесің ғой?
- Иә. Мен өзімнің ана тілім - қазақ тілінен басқа, орыс, түрік және ағылшын тілдерінде еркін сөйлей аламын. Кезінде қазақ-түрік лицейінде оқығанмын. - Мұндай саяхатқа шығуға екінің бірінің батылы бара бермейді. Оның үстіне бұған уақыт та керек. Бұл идея қалай туындады?
- Мен өткен жылы «автостоп» бойынша төрт ай саяхат жасадым. Жеті мемлекетте болдым. Сонда 20 мың шақырым жол жүріппін. Бұл менің өмірімде ең бір ұмытылмайтын кезең болды. Жүрген жерімде тек жергілікті тұрғындардың үйінде түнедім. Тамаша адамдармен таныстым. Көлікпен кейде 5 сағат ішінде 500 шақырым жүрген кездерім болды. Сонда байқағаным, көлікпен жүрсем көп нәрседен құр қалады екенмін. Небір керемет, сұлу жерлерден, елді-мекендерден өтіп кеттім. Ал егер жаяу немесе велисипедпен жүргенде міндетті түрде тоқтап, тамашалар едім, жергілікті тұрғындармен танысар, тыныс тіршіліктеріне қанығар едім. Содан: «Болашақтағы саяхатыма тек велосипедпен шығамын», - деп шештім.
- Қандай елдерде болдың?
- Бірінші Алматыдан Батыс Қазақстанға жол тарттым. Жол-жөнекей Тараз, Шымкент, Түркістан, Қызылорда, Байқоңыр қалаларында болдым. Ақтөбе, Орал қалалары арқылы Атырауға жеттім. Содан Ресейге өттім. Астраханда болдым. Одан әрі бағыттас көліктермен Солтүстік Кавказға бардым. Пятигорск, Нальчик, Владикавказ қалаларын тамашаладым. Кейін әскери грузин жолымен Тбилисиге келдім. Одан тоқтаусыз жүріп отырып Арменияға бардым. Мұнда, Севан көлінің маңында «Рейнбоу» деп аталатын фестивальге қатыстым. Бір жарым апта тауда өмір сүрдім. Өзім секілді әлемнің түкпір-түкпірінен 100 аса адам жиналды. Кенеп шатырда өмір сүрдік. Тамақты далада жасадық. Тамаша болды! Ешқандай электронды техника болған жоқ! Емін-еркін, табиғаттың баурайында аунап-қуанып. жанымыз жадырап, бір жасап қалдық. Одан кейін Грузияға қайта оралдым да, Қара теңізді жағалай отырып Түркияға бардым. Стамбул, Измирде болдым. Анкарадан ұшақпен Львов қаласына жеттім. Ол жақта да неше түрлі феститвальдерге қатыстым. Достарымызбен Молдова, Кишиневке дейін келдік. Содан кейін өзім кері қарай, Батыс Қазақстан арқылы үйге оралдым. - Мұндай саяхатқа шығатын адам қандай жазылмаған ережелерді сақтауы тиіс?
- Біріншіден ештеңеден қорықпау керек. Жолда кездесетін адамдардың 99 пайызы мейірімді, адамгершілігі мол жандар. Сіз бірінші кезекте өзіңіз мейрімді болуыңыз қажет. Егер сіз өзіңіз шын ілтипат көрсетіпесеңіз, ашылмасаңыз сізге кім жылы қабақ таныта қояр дейсіз? Мысалы мен Солтүстік Осетияда болдым. Шешенстанға барып, шешендердің отбасында қонақ болып қайтқан орыс жігіттерін көрдім. Сондықтан жолға ақ ниетпен шығу керек. - Отбасыңа оралсақ. Сенің бұл шешіміңе ата-анаң қарсы болған жоқ па?
- Жоқ, қарсы болған жоқ. Қалай қарсы болсын? Олар мені түсінеді. Сенеді. Басқа жол жоқ. Жалпы ата-аналар балаларының бастамаларын, талаптарын қашанда қолдаулары тиіс. Тіпті рок жұлдызы боламын десе де бетінен қақпаулары тиіс. - Енді олар сенсіз екі жылға жуық қалай өмір сүреді? Кім асырайды? Өздері жұмыс істей ме?
- Әрине, анам режиссер. Сюжеттерді, фильмдерді монтаждайды. Ал әкем «Алматы» телеарнасында оператор. - Түсінікті. Енді алдағы саяхатыңа келсек. Ол қанша уақытқа созылуы мүмкін?
- Мен шамамен бір жарым жыл саяхаттайтын шығармын деп топшылап отырмын. Бірақ дөп басып айта алмаймын. Мүмкін екі жылға дейін созылып кетуі мүмкін. Дегенмен, бір жарым жылға үміт артып отырмын. Барлығы уақтында белгілі болады. Өйткені жолда әр түрлі жағдайдар болуы мүмкін. Мен белгілі бір бағытпен келе жатып, жолда қызықты бір жерді, елді-мекенді көрсем, солай қарай бұрылып кетуім әбден мүмкін. Ал ол жерде қызықты оқиғалар күтіп тұруы ықтимал ғой! Ерекше адамдармен танысасың. Жолымда мұндай ерекше жағдайлар көп болады деген үміттемін. Сондықтан менің ұстанымым: бүгінгі күнмен, қазіргі сәтпен өмір сүру! Басқа халықтардың мәдениетін ұғыну. Адамдармен танысу. Сол үшін де велосипедті таңдадым. Көлікпен жүрсең тым тез, ал жаяу- тым баяу. - Велосипед жолда қиындық туғызбай ма? Бұзылып қалса не істейсің?
- «Лимпопо» дүкені маған гибридтік жақсы велосипед сыйлады. Су жаңа. Бағасы 100 мың теңге. Жолда тек доңғалақтың тысын, камерасын ғана ауыстырып отырамын. Мүмкін шынжырын да ауыстыру керек болар. - Сен бұл сапарға қанша уақыт дайындалдың?
- Алты ай. Осы уақыт ішінде жүріп өтетін жолдарымды белгіледім. Алатын заттарымды түгендедім. Қаржы жинадым. Маған ата-анам, туған-туыстарым, жора-жолдастарым көмектесті. Бірақ соңғы кезге дейін демеуші табылмады. Осыдан екі апта бұрын Қазақ географиялық қоғамы маған өздері шығып, саяхатқа шығатынымды сұрап, қаржылай көмек көрсететіндерін жеткізді. Мен бұған қатты қуандым. Олар маған тамақ жағынан, ұшақтың билеттері бойынша қаржылай көмек көрсетеді. - Олай болса, бұл сапардың жалпы шығыны қанша соманы құрайтын болды?
- Мен мұны айта алмаймын. Өйткені келісім-шартқа қол қойып қойдым. Бірақ жалпы мұндай саяхатқа 10 мың доллардан 20 мың долларға дейін кетеді. Бұл жерде барлығы адамның өзіне байланысты. Егер көбінесе палаткада өмір сүретін болсаң, ыстық суды қолданбасаң, әрине арзанға түседі. - Жалпы жүріп өтетін жолдарыңның қашықтығы қанша шақырым болайын деп тұр?
- Барлығы шамамен 30 мың шақырымнан асады.
- Қандай елдерді аралайсың?
- Ұш құрлық: Еуразия, Солтүстік Америка және Аустралияның 18 елінде боламын.Одан кейін Оңтүстік Шығыс Азия. Бірінші кезеңде мен Алматыдан Ташкентке жол жүремін. Әрі қарай, Түркіменстан, Иран, Түркия. Бұл елдердің рұқсатнамасын алып қойдым. Маған ҚР сыртқы істер министрлігі көмек қолын созды. Түркияда Шенген рұқсатнамасын аламын. Содан Греция арқылы батыс Еуропаға барамын. Францияға жетіп бір-ақ тоқтаймын. Ол жерден Англияға паром арқылы баратын шығармын. Содан, Лондоннан Нью- Йоркке ұшамын. - Алматыдан Парижге велосипедпен неше айда жетемін деп ойлайсың?
- Есептеуім бойынша үш айдың ішінде жетіп қалармын. - АҚШ-тың рұқсатнамасын алдың ба?
- Мен ол жаққа шақыру бойынша бара жатырмын. Ол жақта, Мэриленд штатында әпкем тұрады
- Туған әпкең бе?
- Иә. Сонда оқиды. Студент. Мені күтіп алады.
- Бір-біріңді көрмегендеріңе қанша уақыт болды?
- Бес жыл.
- Сағынып көрісетін болдыңдар ғой!
- Иә! Ол менің осы жолға дайындалып жатқанымнан хабардар. Күтіп жүр. - Мағжан, осы жолға жалғыз шығайын деп отырсың. Өзіңмен бірге қандай заттар алдың, білуге бола ма?
- Енді, ең керекті деген заттарды ғана алдым. Өйткені жинай берсең, салмағы да ауырлай береді. Бірінші кезекте су. Менде үнемі 5 литр су болады. Одан басқа пышақ, қолшам, сіріңке, қаптөсек, кенеп шатыр, ас пісіретін примус, каремат, яғни туристік кілемше, карта, жылы киім және жауын өткізбейтін жамылға аламын.
- Күніне шамамен қанша шақырым жүріп отырасың?
- Күніне 50 шақырымнан 200 шақырымға дейін жүретін шығармын. Кенеп шатырда өмір сүремін. Үлкен қалаларда туристерге арналған мекен-жайларға түнеймін. - Күніне қанша ақша жұмсауы мүмкін?
- Енді мұндай саяхатқа өзіңмен бірге көп ақша алудың қажеті жоқ. Демеушілер банктік карточкама ақша салып тұрады. Дегемен күніне 100-200 доллар кетіп қалар. Ондай ақшаны өзіңмен бірге алып жүруге болады.
- Мағжан, туған -туыстарыңмен қалай хабарласып тұрасың? Мүмкін жүрген жерлеріңде, көрген-білгендерің жайлы ғаламторға жазып жүрерсің?
- Иә, дұрыс айтасыз. Мен саяхатым жайлы күн сайын есеп беріп отырамын. «Қазгео» сайтына және Фэйсбуктегі парақшама күнделікті көрген-білгендерімді, қанша шақырым жүргенімді, кімдермен танысқанымды жазып отырамын. Бұл енді жергілікті жағдайда байланысты болады. - Жол-жөнекей саған еретін адамдар бола ма?
- Менің жолға шығатынымды достарым біледі. Түркияда Алматылық Александр Шишкин де маған қосылуы мүмкін. Бірақ әзірге белгісіз.
- Мағжан, екі жылға жуық уақыт аз емес. Қиындықсыз саяхат бола ма? Қыс мезгілдерінде қайтпексің?
- Мен қысқа тап болмайтын шығармын. Өйткені жүру бағытымды соған шақтадым. Елдерді жылы кезде жүріп өтуге тырысамын.
- Мағжан, ұзақ сапар алдында өзің секілді жастарға қандай тілек айтар едің?
- Ешқашанда темекі тартпаңдар. Арақ ішпеңдер. Белсенді өмір сүріңдер. Компьютерді өшіріп, тауға, табиғат аясына шығыңдар. Табиғатты аялай біліңдер. Спортпен шұғылданыңдар. Ештеңеден қорықпаңдар!
- Әңгімеңе рахмет! Сағат сәт-сапар тілейміз! - Рахмет!