Менингит белгілері байқалғанда дәрігерге қаралмаса, өлім қауіпі 50 пайыздан жоғары болады - эпидемиолог-дәрігер
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметіне сәйкес, 2023 жылдың 5 айында менингококк инфекциясының 3 жағдайы болса, биыл осы уақытта аралығында 5 жағдайы тіркелген. Инфекция жұқтырғандардың екеуі 14 жасқа дейінгі балалар, ал қалған үшеуі ересектер.
- Менингококк инфекциясы – жұқпалы ауру. Ауру жөтелгенде, түшкіргенде немесе сөйлескенде ауа тамшылары арқылы тарайды. Менингиттің алғашқы белгілері қарапайым суыққа ұқсас: температураның көтерілуі, бас ауруы. Бірақ ауру толық белгілі болған кезде медициналық көмекке уақтылы жүгінбесе, ол өлімге әкелуі мүмкін. Өлім қауіпі 50%-дан асады, - деді Алматы қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова.
Сондай-ақ департамент өкілі қауіпті инфекциялардың ондығына кіретін бұл аурудың негізгі белгілерін атап өтті.
- Дене температурасының 39,0°С және одан жоғары күрт көтерілуі, қатты бас ауруы, алдын ала жүрек айнуынсыз құсу, геморрагиялық бөртпе, мойын бұлшықеттерінің кернеуі, тыныс алудың бұзылуы, сананың шатасуы. Менингококты инфекциясың қыс және ерте көктем айларында өрши түседі. Өйткені бұл уақытта адамның иммундық жүйесі әлсірейді. Иммунитеті толық қалыптаспағандықтан, көбінесе 5 жасқа дейінгі балалар, сондай-ақ адам көп жиналатын жерлерге жиі барып, ортақ заттарды жиі пайдаланатын жасөспірімдер ауырады, - деді Әсел Қалықова.
Менингококк инфекциясының алдын алу мақсатында мегаполистің эпидемиологтары келесі ережелерді сақтауды ұсынады:
- аурудың алғашқы белгілері пайда болған кезде асқынып кетуді болдырмас үшін дереу медициналық көмекке жүгіну қажет. Өзін-өзі емдеумен айналысуға болмайды;
- адам көп жиналатын жерлерге бармау керек;
- ауырып қалмау және айналадағы адамадарға ауру жұқтырмау үшін мұрын-жұтқыншақтарының жіті және созылмалы ауруларды (фарингит, назофарингит, тонзилит, ларингит) уақтылы емдеу керек;
- таза ауада серуендеу керек;
- витаминдермен, микроэлементттермен байытылған толыққанды және үйлесімді тамақтану, спортпен шұғылдану, ағзаны шынықтыру иммунитттің жоғарлауына әсер етеді;
- үй-жайларды жиі желдету, күніне кемінде 2 рет тазалау қажет;
- жөтелген, түшкірген кезде бір реттік орамал пайдалану керек;
- қолды сабынмен мұқият жуу керек;
- кішкентай балаларға күтім жасау кезінде, тек оларға арналған жеке ыдыс-аяқты пайдаланып, баланың ыдыстарын мұқият жуу және зарарсыздандыру қажет;
- қандай да бір белгілері пайда болған кезде балалар мен жақын адамдарды сүюден аулақ болу керек.
- Өкінішке қарай, көп ата-аналар аурудың қаншалықты қауіпті екендігін білмейтіндіктен медициналық көмектен бас таратады. Менингококк инфекциясы ауруының кенеттен басталуын және ауырлығын ескере отырып, оның алғашқы белгілерінде мүмкіндігінше ертерек дәрігерге жүгіну қажет. Себебі менингит қауіпті инфекциялардың ондығына кіреді, - деді Алматы қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова.