Алматылық келіншек Аида Ахметованың айтуынша, оның інісі тамағы ауырып ауруханаға түскен.
«Біз барлығымыз дәрігердің бақылауындамыз. Інім ауруханаға түсті. Оған диагноз қойылды - «менингококк жұқпасының «А» тобы. Ауруханада жатқанына 2 күн болды. Қызуы жоқ. Жағдайы жақсы. Дәрігерлер тағы қосымша талдаулар жасап жатыр», - деді Аида Ахметова.
Қалалық Денсаулық сақтау басқармасынан хабарлағандай, жігітке «менингококкты назофарингит» диагнозы қойылған. Алайда, бактерия әлі қанға өтпеген. Дәрігерлер оның алдын алу үшін профилактикалық шараларды бастап кетті.
3 маусым күні менингококк жұқпасынан көз жұмған 27 жастағы өрт сөндіруші Олжас Сүлейменовтың ағасы Ерболат Сүлейменовтың диагнозы әлі белгісіз. Ерболат 5 маусымда өзін жайсыз сезінген соң ауруханаға келген.
«Басым айналып, әлсіреген соң ауруханаға өзім келдім. Қан тапсырдым, жақпа алды. Дәрігерлер бәрі таза деді. Бірақ сонда да антибиотик терапиясын қабылдап жатырмын», - деді Ерболат Сүлейменов.
Бүгінгі таңда республика бойынша 59 адам менингококк жұқпасын жұқтырған. Республика бойынша менингококк жұқпасынан 13 адам көз жұмды.
Алматыда 5 адам қайтыс болды. Олардың екеуі - 5 жасқа дейінгі балалар. Екі баланың анасы аурудың алғашқы белгілері басталғанда жекеменшік емханадағы өздерінің жеке дәрігерлерінен кеңес алғаны белгілі болды.