Менің миссиям ұлттық стильдегі дүниелерді сату емес, этно-дизайнды жаңғырту – Айдана Ерімбет

Фото: Фото: Айдана Ерімбеттің жеке мұрағатынан

АСТАНА. KAZINFORM – Айдана Ерімбет – Түркістан облысының тумасы. Көпбалалы отбасынан шыққан. Ол – ұлттық өнерді дамытып, насихаттап жүрген этно-дизайнер. Қазақстандық дизайнердің қолынан шыққан ұлттық стильдегі қолөнер бұйымдары Dubai Design Week-ке көрмесіне қойылған. Жерлесіміздің өнеріне шетелден қызығушылық танытқандар бар, атап айтқанда, Қатар елінен сұраныс түскен.

«Әкемнің мемлекеттік қызметіне байланысты еліміздің бірқатар қаласында тұрдық. Қазір Астананың тұрғынымын. Оқушы кезімде орта мектеп пен көркемөнер мектебінде оқыдым. 9 сыныптан кейін әкемнің кеңесімен Астанадағы политехникалық колледждің интерьер-дизайн мамандығына түстім. Әкем шығармашылығыңмен қатар басқа да талантыңды ашасың деген-тұғын. Колледж бітірген соң менде екі таңдау тұрды, бірі – «Шабыт» өнер университетіне түсу, екінші таңдау – жұмыс істеп, алыстан архитектура мамандығын меңгеру. Колледжден кейін елордада студияда жұмыс істедім, тәжірибе жинай келе, өзімнің студиям болғанын қаладым», - деді Айдана Ерімбет.

Фото: Айдана Ерімбеттің жеке мұрағатынан

Айдана сурет, дизайн саласына бала күнінен қызыққан. 

«Оның ішінде этно-дизайн бала кезімнен таныс дүние. 7 сыныпқа дейін қазақ биімен айналыстым, одан бөлек, қазақ әндері мен күй тыңдап өскем. Сондықтан ұлттық өнер бойыма бала күнімнен сіңген. Колледжде оқып жүргенде курстық, дипломдық жұмыстарым қазақы нақыштағы интерьермен байланысты болды. Жұмыс істей бастағанда да қазақи жобаларды, сенің жүрегіңе жақын ғой деп маған тапсыратын. Уақыт өте келе этно-интерьер дизайн саласында таныла бастап, өз кәсібімді жүргізуді қолға алдым. Ою-өрнек, шаңырақ, жылқы, сол секілді ұлттық нақыштарды сән, интерьер, графикалық басқа да салада қолдануға болады. Бірақ, бұл жеңіл ассоциация, менің мақсатым – ұлттық нақыштарды, салт-дәстүрді, тарихты, мәдениет пен өнерді зерттеу арқылы тереңірек қолдану. Яғни, мағыналы жобаларды жүзеге асыру. Одан бөлек, ұлттық стильді өткен тарихпен, адамның шыққан тегі, атадан балаға келе жатқан мұра, бұйым, заттармен байланыстыруға да болады», - дейді ол.

Фото: Айдана Ерімбеттің жеке мұрағатынан

Оның айтуынша, этно-интерьер, дизайн саласында көнеден қалған киіз үй, балбалтастар мен петроглифтерді орынды қолдану арқылы қазақ өнерін дамытып, насихаттауға болады.

«Маған қонақүйдің VIP нөмірлерінің интерьерін дайындау бұйырды, ол жерде де ұлттық стильді қолдануға болады. Мысалы, тарихқа жүгінсек, қазақтың хан, сұлтандары мен бай-қуатты адамдары әдемі киіз үйде, ерекше стильдегі киімдер киіп, қолөнер бұйымдарын қолданған. Қонақ үйдің VIP нөмірлеріндегі керуеттің жоғары жағын ханның тағы секілді дизайнда жасап, керемет бір дүние шығардым. Одан бөлек, ұлттық нақыштар мен стильді қоғамдық орындарда да сәтті пайдалануға болады. Қазіргі таңда этно-дизайн дамып келе жатыр, сондықтан әр дүниенің ерекше, қайталанбас болғаны абзал», - дейді дизайнер.

Фото: Айдана Ерімбеттің жеке мұрағатынан

Сондай-ақ аталған маман этно-дизайндағы бұйым, заттардың сұранысқа ие болып келе жатқанын айтты. 

«Әсіресе, тұрмыс заттары, яғни, жиһаз, үстел, орындықтар, ыдыс-аяқ, шамдар тағы басқа. Тағы бір байқағаным, қазір әр отбасы үйінде қазақи стильде бір дүниенің болғанын қалайды. Бірақ, бұны тренд деп айта алмаймын, дегенмен үрдіс бар. Ұлттық өнер арқылы этно-дизайны таныту, дамыту өзімізден басталады», - дейді А. Ерімбет.

Фото: Айдана Ерімбеттің жеке мұрағатынан

Одан бөлек, этно-дизайнер ұлттық стильдегі бұйымдар неге қымбат деген пікірге қатысты ойымен бөлісті. 

«Ұлттық бұйымдар құнды болуы керек деп ойлаймын. Оның үстіне қазір ұлттық стильде деген атаумен масс-маркет қаптап кетті. Кейде тіпті бұйым, заттардың бір-бірінен айырмашылығы жоқ. Ал этно-дизайнды расымен дамытамыз десек, ол ерен еңбек пен ізденісті қажет етеді. Менің миссиям – ұлттық стильдегі заттар мен басқа да дүниелерді жасап, сатып, табыс табу ғана емес, ұмытылып бара жатқан қолөнер түрлерін, этно-дизайнды сақтап, қайта жаңғырту. Біз ұлттық нақыштағы заттар мен бұйымдарды көнеден келе жатқан технологияға сүйене отырып жасаймыз. Ол шеберлік пен уақытты талап етеді. Тағы бір жайт, біздің этно-дизайнда жасап шығаратын дүниелер шектеулі көлемде. Сондай-ақ ұлттық нақыштағы бұйымдарды жасауға мемлекеттің, инвесторлардың қолдауынсыз өз қаражатымызды жұмсаймыз», - дейді ол.