Менің үйімде де ыстық су жоқ – Павлодар қаласының әкімі

Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Жаз басталса, Павлодар қаласының көпқабатты тұрғын үйлері ыстық судан ажыратылатыны дәстүрге айналғаны қашан. Оның себебі де жоқ емес. Құбырлар гидравликалық сынақтан өткізіліп, жергілікті әкімдік апаттың алдын алуға күш салып жатыр.  

Десе де, мұны түсінбейтін павлодарлықтар азаймай тұр. Шаһар басшысы Хасар Хабылбеков тұрғындарды сабырға шақырып, өзі де ыстық сусыз отырғанын алға тартты.

«Мен ыстық сусыз қалған қала тұрғындарының наразылығын жақсы түсінемін. Қазір мен тұратын үйде де ыстық су жоқ. Бұл – алдағы жылыту маусымында төтенше жағдайларды азайту мақсатында жасалған қадам», - деді қала әкімі.

Белгілі болғандай, 29 шілдеде Павлодар қаласының оңтүстік бөлігінде жылу желілерінің гидравликалық сынақтары басталған. 5 тамызда солтүстік желі аймағында да осындай сынақтар басталады деп жоспарланып отыр. Тиісті жұмыстар 10 тамызда аяқталуы тиіс. Сәйкесінше, павлодарлықтар сол уақытқа дейін тефальмен су қайнатуға мәжбүр.