Мэр болуға үміткер сайлауалды пікірталас кезінде қайтыс болды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Аргентиналық Пуэрто-Игуасу қаласының мэрі болуға үміткер сайлауалды пікірталас уақытында инфарктен қайтыс болды.

Жергілікті БАҚ-тың деректеріне сүйенсек, 57 жастағы Мануэль Альварес сұрақтар раундынан кейін өзін жайсыз сезінген. Саясаткер ауруханаға жеткізілді, алайда дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады. Пікірталас қала мектептерінің бірінде өткен.

Альварес «Республикалық ұсыныс» оппозициялық партиясының атынан шыққан. Оны президенттікке кандидат Маурисио Макри басқарады. Альварестің жақтастары көп.

25 қазанда Аргентинада президенттік сайлау өтеді, сондай-ақ бірқатар провинцияларда губернаторлар мен мэрлер сайланады. Мемлекет басшысы орынтағына негізгі үміткерлер Макри мен «Жеңіс үшін майдан» басқарушы перонисттік альянстан кандидат Даниэль Сциоли болып табылады. Ағымдағы жылғы 9 тамызда өткен бастапқы сайлауларда Сциоли 38,41%, оның бәсекелесі - Макри, - 24,28% жинады.

85 мыңға жуық халқы бар Пуэрто-Игуасу қаласы Аргентина, Бразилия, Парагвай арасындағы шекаралық үшбұрышта Аргентинаның солтүстік-шығысында орналасқан, деп хабарлады ТАСС. Қалаға жақын жерде, ұлттық саябақта атақты Игуасу сарқырамасы бар.