Мереке қарсаңында бір топ көкшетаулық баспаналы болды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат- Конституция күніне орай Көкшетауда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары жаңа пәтердің кілтіне ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қопа көлінің жағалауы аумағында орналасқан 9 қабатты тұрғын үй кешені Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары үшін салынған. Құрылыс жұмыстарын «К.Г.С. Сауда» ЖШС серіктестігі жүргізді.

Жаңа тұрғын үйдің пәтер кілтін тапсыру рәсіміне аймақ басшысы Мәлік Мырзалин қатысып, шаңырақ иелерін қуаныштарымен құттықтады. 

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауында халықты баспанамен қамтамасыз ету мәселесі басты орын алады. Бүгін сол міндеттер жүзеге асырылып, үй кезегінде тұрған халықтың баспанаға қол жеткізуі - зор қуаныш. Осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастыра береміз. Бүгінгі мереке күні қарсаңындағы қуаныштарыңыз ұзағынан сүйіндірсін», - дей келе, аймақ басшысы қуаныш иелеріне жаңа пәтердің кілтін табыс етті.

Осы орайда, жаңа үйден үш бөлмелі пәтер алғандардың бірі - Дулат Жанмұханбетов пен Оразбай Оспановтардың отбасы. Аймақ басшысы жаңа пәтер илерінің шаңырағында болып, сыйлықтарын тарту етті.  

«Мен бүгін баспаналы болғаныма шексіз қуаныштымын. Енді осы үйде отбасыммен бақытты ғұмыр кешеміз деген ойдамыз. Жалпы, бүгінгі пәтердің бағасы шарықтаған заманда Елбасының бастамасымен қолға алынған мемлекеттік бағдарламалардың көмегі зор», деп қуанышымен бөлісті Дулат Жанмұханбетов.