«Пиротехникалық өнімдерді тексермей сату және оны өрт қауіпсіздігі шараларын сақтамай қолдану - жаңа жыл түнінде көптеген өрттердің шығуына, адамдардың, соның ішінде балалар мен жасөспірімдердің жарақат алуына, тіпті мерт болуына әкеп соқтырады, - деді Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Мақсат Әкімбаев. - Пиротехникалық заттардың өте қауіпті екені белгілі. Сондай-ақ, жергілікті атқару органдармен бірлесіп жаңа жылдық іс-шараларды өткізу кезінде жұмылдырылатын нысандар тізімін жасадық».
ТЖД дерегі бойынша, барлығы облыста 793 нысан есепке алынған. Оның ішіндегі 657 нысан білім беру саласына, 32-і - денсаулық сақтау саласына тиесілі болса, 27-і - түрлі сарайлар мен мәдениет үйлері, бесеуі - спорт мекемесі, 56-сы - ойын-сауық орталықтары. ТЖ құтқарушылары екі қарттар үйін, үш мүмкіндігі шектеулі жандардың интернатын, балалар үйі мен жеті жаңа жылдық кеш өтетін мейрамхананы бақылауға алатын болады.
«Департамент Тараз қалалық төтенше жағдайлар басқармасы мен аудандық ТЖ бөлімдеріне ұдайы бақылауда ұстау және нысандардың өрт қауіпсіздігі жағдайын тексеру туралы тапсырмалар берді. Бұдан бөлек, облыста 260 жиын, 5 480 адамның қатысуымен тұрғындар арасында нұсқаулар өткізіліп, өрт қауіпсіздігі ережелері талаптарын орындау мен пиротехникалық заттарды қолдануға жол бермеу туралы ескертпелер таратылды», - деп атап өтті спикер.
Жамбыл облыстық ТЖД мен ІІД бірлескен іс-шараларының жоспары бойынша жергілікті полиция қызметкерлері күн сайын базарлар мен басқа да сауда орындарында пиротехникаларды заңсыз сатуға жол бермеу үшін рейдтер жүргізеді.
«Мереке кезінде тәулік бойы үздіксіз кезекшілік ететін жедел топтар құрылды. Ал, мереке өтетін жерлерде инженерлік-испекторлық құрам мен өрт сөндіру тобы кезекшілік етеді», - деді Мақсат Әкімбаев.